Қоғам

EgovKzBot – құжатқа кезексіз қол жеткізу

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің негізгі қызметтерінің бірі – қызмет көрсету сапасын бақылау, заңңама талаптарының бұзылуына жол бермеу. Мамандар үшін халықтың құқығы – басты назарда. Жасыратыны жоқ, тұрғындар кейбір мемлекеттік мекемелердің жұмысына наразы. Кезек күту, уақытылы көмек көрсетілмеу, құжаттардың дұрыс жасалмауы. Осы сияқты жағдайлар көптеп кездеседі.

АНАР БАТТАЛБЕК, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының бас маманы:

– Департаментке қала тұрғыны “Қайтыс болған туралы куәлікті қайта алу” туралы қызметтің мерзімі өткеннен кейін дайын құжаттың берілмегені туралы шағым білдірді. Біз мәселені жан-жақты қарап, жоспардан тыс тексеріс жүргіздік.

Жыл басынан бері облыстық департаментке тұрғындардан 19 шағым түскен. Тексеру жұмыстары барысында мамандар түрлі саладағы 36 қызметкерді тәртіптік жауапкершілікке тартыпты. Түсірілім кезінде Анар Батталбек тұрғындарға қызмет көрсету сапасы ұнамаса не істеу керектігі жайлы айтып берді.

АНАР БАТТАЛБЕК, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының бас маманы:

– Осы ретте EgovKzBot платформасына жеке тоқталсақ. Аталған жаңашылдықтың арқасында тұрғындар сағаттап кезек күтіп, сандалып жүрмейді. Өзіне керекті қызметті үйде отырып ала алады. Егер түрлі олқылықтарды, бармақ басты, көз қысты әрекеттерді байқаса бірден ботқа жаза алады.

Дегенмен, өңірімізде мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасы төмен деп үзілді-кесілді айта алмаймыз. Анар Батталбектің сөзінше, облыс жылда сапа жөнінен республикалық тізімнің алдыңғы қатарынан орын алады.

 

Нұрасыл Ахмет