БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Біз қазір Петропавлдағы Дәрігерлер үйінің қасында тұрмыз. Бұл үйді қала тұрғындарының басым көпшілігі білуі тиіс. Жаңа ғимарат, атауы да тамаша. Бірақ, бұл баспанадан береке кетті деуге болады. Жақында бізге дәрігерлер хабарласты. Олар билік өкілдерін шақырды, журналистерді жиды. Өте маңызды мәселені талқылау үстінде.
Талқыға түскен тақырып – біршама жыл еңбек еткен медицина саласы қызметкерлерінің Дәрігерлер үйінен шығарылуы. Тараптар толассыз жауған жаңбырға қарамады. Өткенді еске алды, өкпе-ренішті білдірді.
ДІЛМҰРАТ ШАВДУНОВ, СҚО жедел медициналық жәрдем орталығының жоғары санатты кардиолог-дәрігері:
– Мен Солтүстік Қазақстан облысына 2009 жылы жас маман болып келдім. Біз ешқандай көтермеақы алмадық. Баспанамен қамтыды. Қатты қуандық. Сол кезде басшылық тарапынан “Осы үйде тұрыңдар, алаңсыз жұмыс істеңдер, сендер мемлекет үшін қызмет ететіндіктен ешкім қумайды” деген сарындағы пікірлерді естідік. Ал қазір мүлде қарама-қайшы жағдай орын алып отыр. Менің кәмелет жасына толмаған 2 балам бар. Өз үйіме ақша жинай алмадым. Енді пәтер жалдауым керек пе?
Әзірге, алдағы күнді болжау мүмкін емес. Дегенмен, дәрігерлер қатты қапалы. Олар осындай кемшіліктер тұтас салаға кір келтіреді деп санайды.
АРМАН БАШИРОВ, №3 қалалық емхананың педиатры:
– Жақында Семейде өткен оқыту курсына барып келдім. Сол жерде 2 мекеме жұмысқа шақырды. Мен қазір-ақ кетіп қалуға даярмын. Бұл жайтты жас мамандар естиді. Олар осындай кемшіліктерді біле отыра осында келеді деп ойлайсыздар ма? Өте жағымсыз жағдайға тап болдық. Мені Петропавлға “Аспандағы айдан басқаның бәрін әпереміз” деп шақырды. Уәде орындалмайын деп тұр.
Денсаулық сақтау саласы өкілінің өз айтары бар. Өңірде жас мамандарға баспана тапшы. Теріскейді таңдаған дәрігерлер облыста біршама жыл жұмыс істеген, әбден орныққан, мемлекеттік мүлікті босатуға кезегі келген әріптесіне берілген пәтерге кіруі қажет.
НҰРСҰЛТАН САРЖАНОВ, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
– Бұған дейін тараптар арасында шарт жасалды. Сол шарттың аясында біз былтыр бірқатар дәрігерге пәтерлерді босату жөнінде хабарландыру жібердік. Кейбір әріптестеріміз жағдайға түсіністікпен қарап, мерзімінде өзге жаққа көшті. Босаған баспаналар кезекте тұрған өзге мамандарға берілді. Биыл да осындай жағдай көрініс табуы қажет еді. Алайда, сіздермен келісімге келу мүмкін болмай отыр.
Тараптар жақын арада тіл табыспайтын сыңайлы. Дәрігерлер адвокат жалдаған. Заң өкілі мүлікті қазіргі тұрғындардың атына түсіру мәселесін көтерді.
АЗАМАТ ҚАРАПОВ, адвокат:
– Заңгер ретінде маған мына жайт маза бермейді. Бұл үйдегі кейбір пәтерлерді тұрғындар өз атына түсіріп алған. Яғни, қазір жылжымайтын мүлікке иелік етіп отыр. Ал маған өтініш білдірген адамдар мұндай мүмкіндіктен айрылған. Бүгінде баспана қалалық әкімдіктің балансында емес, көпбейінді облыстық аурухананың балансында тұр. Денсаулық сақтау басқармасы өтініш білдіріп, үйді қайтадан әкімдікке қайтару қажет. Сонда пәтерлерді жекешелендіру мүмкін болады.
Пәтерлер жекешелендіріліп, жағдай тұрақталса, дәрігерлер сабырға келмек. Егер ойлағандары жүзеге аспаса, олар жүк жинауға ниетті.
Қолшатыр астында ұзақ тілдесіп, бір-біріне қабақ шытқан тараптар соңында қол алыспады. Мәселе зерттеуді, талқылауда қажет етеді.
Байболат Құлтанов