Ауыл шаруашылығы

Биыл көктемгі егіске 6 мыңнан астам ауыл шаруашылығы өндірушісі жеңілдетілген қаржыландыру алды

Елімізде көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізуге жалпы 700 млрд теңгеге дейін қаражат бағыттау көзделіп отыр. Оның ішінде шамамен 560 млрд теңге нарықтық капитал көздерінен тартылуда. Бүгінгі күнге дейін 6 100 ауыл шаруашылығы өндірушісі жалпы сомасы 382,5 млрд теңгеге қаржыландырылды. 480,5 млрд теңгеге 7 мыңға жуық өтінімнен тұратын пул қалыптасты. Үкімет қабылдаған шаралардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қаржылық ресурстарға барынша жеңілдетілген әрі қолайлы шарттармен қол жеткізіп отыр.
Бағдарламаға қатысушылардың аясын кеңейту мақсатында несие рәсімдеп, оны өтеуге жүгінуге болатын қаржы институттарының қатары ұлғайтылды. «Аграрлық несие корпорациясы» жылдық 5% жеңілдетілген сыйақы мөлшерлемесімен «Кең дала 2» бағдарламасы аясында қаржыландыруды жалғастыруда. Қаржыландыру процесіне Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары белсенді атсалысуда. Осы өңірлік құрылымдар арқылы ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдауға 165,3 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы техникасын жылдық 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген лизингке беру бағдарламасы жалғасуда. Ағымдағы жылға арналған жалпы қаржыландыру лимиті – 200 млрд теңге. Бұл ауыл шаруашылығы өндірушілеріне 6 000-нан астам отандық техниканы сатып алуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда 120 млрд теңгеге 3 200 өтінім қабылданса, 60,7 млрд теңгеге 3 435 техника бірлігін сатып алуға 1 823 шарт жасалды.