Спорт

Тазалық мәдениетін қалыптастыру: жанкүйерлер матчтан кейін отырған орындарын жинап кетті

“Қарасай” стадионына жиналған еріктілер мен бір топ жанкүйер матчтан кейін трибунадағы қоқыстың бірін қалдырмай жинап кетті. Игі іс “Таза Қазақстан” акциясы аясында өткізіліп отыр. Шараға 30-ға жуық адам қатысты.

АНАСТАСИЯ ВОЛКОВА, СҚО ІСБ қоғамдық даму және ақпараттық орталығының бөлім басшысы:

– Игі іс арқылы біз қоғамда тазалықты сақтау мәдениетін қалыптастырғымыз келеді. Бұл бірреттік шара емес. Бұдан былай “Қызылжар” ФК-ның үйдегі әр ойынында трибуналарды қоқыстан тазартып отырамыз. Әсіресе, игі шарадан жастардың қалыс қалмағанын қалаймын. Өскелең ұрпақ қоршаған ортаның тазалығына бейжай қарамауы тиіс.

Матчтан кейін трибунаны тазарту әлем халықтарының ішінде жапондықтардың бойына жақсы сіңген. Олар қай ойынға қатыспасын, спорттық шара аяқталған соң қалталарынан қоқыс пакеттерін шығарып, жан-жағын жинап кетеді. Бұл күншығыс халықтарының заңында жазылмаса да ділінде мықтап сақталған. Теріскейлік еріктілердің тұрғындарға жеткізгісі келгені де осы.

ДАЯНА БАЙМҰҚАНОВА, қала тұрғыны:

– Жаңартылған стадион үнемі таза болып тұруы тиіс. Тұрғындардан игі іске қатыспаса да қоқыс тастамауларын сұраймын. Бұл да зор көмек болып саналады. Алдағы уақытта дәстүрден жаңылмай еріктілермен бірге тазалық шарасына қатысып отырамын.

Айта кету керек, еріктілер наурыздың 28-інен бастап Петропавлда өткен бірде-бір тазалық шарасынан қалған емес.

 

Нұрасыл Ахмет