Аптадағы маңызды жаңалықтарСпорт

Тартысқа толы ойын: “Қызылжар” ФК соңғы минуттарда жеңісті жұлып алды

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:

– Үлкен футбол Петропавлға оралды. Ұзақ үзілістен кейін жергілікті “Қызылжар” ФК үйдегі матчтарын “Қарасай” стадионында өткізеді. Бүгін теріскейлік команда жезқазғандық “Ұлытау” командасымен бақ сынасады. Стадионға келетін болсақ, адам танымастай өзгерген. Бәрі жаңа. Барлық әлемдік стандарттарға сай келетін алаңда жергілікті ұжым толағай табыстарға жетеді деп үміттенеміз.

Стадионның осыдан 2 жыл бұрынғы күйі мен қазіргі жағдайын мүлдем салыстыруға келмейді. Толықтай өзгерген. Құдды бір Англияның әлемге танымал стадиондары сияқты. Енді мұнда әлемдік деңгейдегі ойындарды да өткізуге болады. Себебі, мына алаң UEFA-ның қойған барлық талаптарына сай.

Қалыпқа келтіру жұмыстарының аясында футбол алаңының жамылғысы, жарық жүйесі мен орындықтары толықтай ауыстырылған. Әкімшілік корпус ғимаратының аумағы да кеңейтіліпті. Бұл нысанда ерлер мен әйелдерге арналған жуыну, массаж және киім ауыстыру бөлмелері бар. Айта кету керек, алдағы уақытта қалыпқа келтіру жұмыстарының үшінші кезеңі өтетін болады. Маңызды жұмыс аясында стадионның шығыс трибунасына шатыр салынады. Яғни, бұдан былай толассыз жауған жаңбыр тұрғындарға еш кедергісін келтірмейді. Осы күнге дейін сүйікті командасына ескі стадионда қолдау көрсеткен жанкүйерлер жаңашылдықты көріп дән риза. Барлығы бүгін жергілікті команда жеңеді деген үмітте.

Екі команда ойыншылары алаңға беттеп барады. Барлығының ойлағаны бір – жеңіске жету.

Міне, көптен күткен матч та басталды. Ойын бастала салысымен алаң иелері жаппай шабуылға лап қойды. Қарсыластарын өз алаңдарынан шығармады. Нәтижесінде 12 минутта әуеден келген допты баспен қақпаға тоғытқан черногориялық қорғаушы Илья Мартинович есепті ашты. 1-ші таймның соңына дейін осы есеп сақталды.

Ойынның екінші таймында мүлдем басқаша көрініс орын алды. Матчтың бірінші бөлігінен сабақ алған ұлытаулықтар “Қызылжарды” қыспаққа алды. 60 минутта қонақ команданың ойыншысы допты жақын тоғыздыққа тоғытып, есепті теңестірді.

Екі команда да бір-біріне дес берер емес. Алаңның әр бұрышында допқа талас жүргізілді. “Қызылжарға” тек жеңіс керек. Мыңдаған адам сүйікті командасының тілеуін тілеп отыр. Осыны түсінген жергілікті футбол клубы шабуылды үдетті. Бірақ, қонақ команда сауатты қорғануда. Ойынның негізгі уақыты аяқталды. Есеп 1-1. Үміттерін үзбеген жанкүйерлер әлі теріскейлік команданың жеңісіне сеніп отыр. 93 минутта алаң шетінен асырылған допты баспен қақпаға тоғытқан африкалық шабуылшы Сенин Себаи айды аспаннан бір-ақ шығарып, “Қызылжарға” жеңіс сыйлады.

Матчты 7 мыңнан астам адам тамашалады. Толассыз жаңбыр жауса да стадионнан кетіп бара жатқан бір адамды көрмедік. Барлығы бір сәтке де көз алмай жергілікті команданың жеңісін тілеп отырды. Айта кету керек, “Қызылжар” ФК келесі ойынын мамырдың 14-і күні өз алаңында семейлік “Елімайға” қарсы өткізеді.

 

Нұрасыл Ахмет