Қазақстанда репродуктивті денсаулық апталығы басталды. Бұл кезеңге көз жұма қарамау қажет. Мамырдың 12-сі мен 19-ы аралығында елімізде жасөспірімдер арасында жоспарланбаған жүктілікті және жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды болдырмау туралы жан-жақты ақпар ұсынылады. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» азайған бұл заманда апталықтың маңызы зор деуіміз қажет. Осындай шаралардың арқасында өңірімізде бірқатар жағымсыз статистика төмендеген. Мысалы, бесіктен белі шықпаған қыздардың түсік жасату жайты сиреген.
ЕЛЕНА КАЛЮЖНАЯ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас акушер-гинекологы:
– Түсік әртүрлі жағдайда жасалады. Медициналық көрсеткіштерге, ерлі-зайыптының немесе әйелдің қарсылығына, баланың нашар дамуына байланысты жүктілік әрмен қарай жалғаспайды. Бұл ретте назар аударарлық жайт бар. Қоғамда жасөспірім қыздар да түсікке жүгініп жатады. Мәселен, 2023 жылы тізімде 14 қыз болды. Ал былтыр 8 аруымыз абортты таңдады. Салыстыратын болсақ, статистика төмендеп жатыр.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас акушер-гинекологының сөзінше, биыл жасөспірім қыздар арасында түсік жасату жайты тіркелмеген. Аузынан ана сүті кеппей жатып бала көтеретін арулардың да саны азаюда. Бұған қуануымыз керек, бірақ өзекті мәселеге қол сілтемеуіміз қажет. Жастардың таным деңгейін көтеру үшін түрлі шараларға басымдық берген абзал.
ДАРИҒА СМАИЛОВА, «Ассамблея жастары» РҚБ СҚО бойынша өкілдігінің басшысы:
– Ашық есік күндері, семинарлар мен дәрістерден бөлек, жасөспірімдерге арналған зияткерлік ойындар, челендждер өтеді. Бұл шаралардың мақсаты – жастардың білім деңгейін арттыру.
Біреу түсік жасатуды ойласа, енді біреу сәби сүюді армандайды. Өкінішке қарай, арамызда ата-ана бақытын сезіне алмай жүрген жұптар бар.
ЕЛЕНА КАЛЮЖНАЯ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас акушер-гинекологы:
– Қазақстанда Президенттің бастамасымен “Аңсаған сәби” бағдарламасы пайда болды. Содан 4 жыл өтті. Қазір біртіндеп жемісін көріп жатырмыз. Сандарға тоқталсам, өңірдегі ерлі-зайыптыларға 777 тегін квота берілген еді. Өмірге 193 бала келді. Соның 30-ы – егіз. Тиімді жобалардың бірі деуімізге толық негіз бар.
Репродуктивті денсаулық апталығы – ақпарат ұсынылатын кезең. Спикерлер қандай да бір мәселе мазалап жүрген тұрғындарды емханаларға шақырады. Емдеу орындарында қажетті мәлімет ұсынылады, жүгінушінің аты-жөні еш жерде жарияланбайды.
Байболат Құлтанов