Ауыл шаруашылығы

Биыл Ғ.Мүсірепов ауданында 702 мың гектар алқапқа егін егіледі

Ғ.Мүсірепов ауданындағы “Атамекен-Агро-Шұқыркөл” серіктестігі егіс науқанына 23 сәуірден бастап кіріскен. Жалпы шаруашылық 10 мың гектар аумаққа дән сіңіруі тиіс. Соның 4 мың гектардан астамына бидай, 2 мыңына – жасымық, 3 мыңға жуығына – күнбағыс, тағы 1200 гектарына жемшөп егіп көрмекші. Қазір кәсіпорын алқаптарында 60-қа жуық адам бел жазбай еңбек етуде. Серіктестік өткен жылы мол көлемде өнім алған.

СЕРІКЖАН МЕЙІРМАНОВ, “Атамекен-Агро-Шұқыркөл” ЖШС бас агрономы, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Былтыр гектарына 28 центнер өнім алдық. Жасымық пен күнбағысты сеуіп болдық.

Серіктестікте барлығы – 90-ға жуық адам жұмыс істейді. Әрқайсысының жалақысы 250 мыңнан кем емес. Шаруашылықта 130-дан астам техника бар. Оның жартысынан астамы жаңа. Владимир Куликтің агроқұрылымда еңбек етіп келе жатқанына 2 жыл болыпты. Отбасы Айыртау ауданында тұрса да іскер азамат аталған кәсіпорында жұмыс істейді. Оған себеп – бар жағдайдың жасалуы.

ВЛАДИМИР КУЛИК, “Атамекен-Агро-Шұқыркөл” ЖШС механизаторы, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Күні-түні бір тоқтамай еңбек етудеміз. Мен таңғы 8-ден кешкі 6-ға жұмыс істеймін. Содан соң мені әріптесім ауыстырады. Жаңа техниканы тізгіндеп жүрмін. Өте ыңғайлы. Мүлдем шаршамайсың.

Ағымдағы жылы мүсіреповтік диқандар 702 мың гектар аумаққа дән сіңірмек. Оның 516 мыңы дәнді және дәнді бұршақты дақылдарға арналған. Ал 118 мың гектар жер майлы дақылдарға бөлінген. Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Әділбеков егіс науқанында ауа райынан басқа ешқандай кедергі жоқ дейді. Жанармай да, тұқым да жеткілікті.

ЕРЛАН ӘДІЛБЕКОВ, Ғ.Мүсірепов ауданы әкімінің орынбасары:

– Гидрологтардың болжамына сүйеніп егіс науқанына шықтық. Бұл бізді болуы мүмкін келеңсіздіктерден сақтайды. 30 мың гектар алқапта жұмыс аяқталды. Өткен жылы ауа райының қолайлылығы мен мемлекет қолдауының арқасында мол өнім алдық. Биыл сол межеден 20 пайызға асып түсуді жоспарлап отырмыз.

Айта кету керек, “Атамекен-Агро-Шұқыркөл” серіктестігі егін егумен қатар, мал шаруашылығымен де айналысады. Шаруашылық базасында 1200-ден астам ірі қара мен жылқы бар.

 

Нұрасыл Ахмет