Қоғам

Жеңіс саябағында гүл шоқтарын қою рәсімі өтті

Ұлы Отан соғысы дегенде түрлі сезімді бастан кешіресің. Аталарымыздың ерлігін еске алсақ, бойымызды өр рух билейді. Ал сол күндердің қиындығын елестетсек, мұңайып та қаламыз. Кейінгі ұрпақтың міндеті – бізге тыныштық пен азаттық сыйлаған батырларды еске алу. Әр жылдың 9-шы Мамырында Петропавлдағы Жеңіс саябағы адамға лық толады. Бүгін де ине шаншар жер жоқ. Дүйім жұрт перзенттік парызды орындауға ағылып жатыр. Шараға аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов те қатысты.

Қолдарына портрет пен гүл ұстаған әскерилер, мемлекеттік қызметкерлер, тыл еңбеккерлері ұзын-сонар кезекке тұрды. Кезектесе келіп, ескерткіш алдына гүлдерін қойып, марқұмдардың рухына тағзым етті. Баланы әкеден, ананы баласынан, бауырды бауырдан айырған сұрапыл жылдар. Раиса Фундовая ескерткіш басына әкесін еске алуға келіп отыр. Ол мұнда қыздарымен жыл сайын келеді екен.

РАИСА ФУНДОВАЯ, қала тұрғыны:

– Әкем соғыстан желтоқсан айында оралды. Екі жерінен қатты жараланған. Курск төңірегіндегі ұрыста танк жарылып, жарақат алған. Соғысқа аттанғанда үйде үш бала қалдық: мен және екі ағам. Батырлардың ерлігін ұмытпаймыз.

Елена Хомякованың нағашысы ұрыс даласында қаза тапқан. Қай жерде жерленгенін көп ізденістің нәтижесінде жуырда біліпті.

ЕЛЕНА ХОМЯКОВА, қала тұрғыны:

– Анамның үлкен ағасы Польшаны жаудан азат етуге қатысқан. Соғыстың аяқталуына 4 ай қалғанда қаза тапқан. Сол жерде жерленіпті. Енді оның басына барып келуге ниеттеніп отырмыз.

Майдангерлердің рухына тағзым еткен жандардың арасында 90-ға таяп қалған Күләйім Хамзина да бар. Кейуананың әкесі Шәріп Әубәкіров соғыстан аман-есен оралып, біраз жыл қызмет еткен.

КҮЛӘЙІМ ХАМЗИНА, қала тұрғыны:

– Менің әкем де соғысқа қатысқан. Аман-есен оралды. Кейін елге қызмет етіп, есепші, коммунист болды.

Сұрапыл соғыста ерлік көрсеткен майдангерлердің еңбегі ел есінде. Өскелең ұрпақ мұны жақсы біледі. Кейін жиналған қауым саябақтың кіреберісінде полиция департаментінің мамандары ұйымдастырған концерттік шараны тамашалады.