Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

Бейбіт өмір сыйлаған ата-баба рухына тағзым

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:

– Ұлы Жеңістің 80 жылдығына да жеттік. Аз емес, қарап тұрсаң, бір кісінің ғұмыры. Уақыт зымыранша зулағанымен майдангерлердің, тыл еңбеккерлерінің ерлігі, еңбегі ұмытылмайды.

Қолдарына гүл шоқтары мен портрет ұстаған жерлестеріміз Н.Погодин атындағы орыс драма театрының алдына көптеп жиналған. Оларға толассыз жауған жаңбыр кедергі емес. Барлығы сап түзеп, Мәңгілік алауға беттегелі тұр. Ата-баба рухына тағзым етпек. Шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Өңір жетекшісі солтүстікқазақстандықтарды мерекемен құттықтап, кейінгі ұрпаққа Отан үшін от кешкен майдангерлеріміздің ерлігін ешқашан ұмытпау керектігін айтты.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сұрапыл соғыс халқымыздың басына ауыр сынақ болды. Миллиондаған қазақстандықтың өмірін қиды. Теріскейліктер де Ұлы Жеңіске өздерінің сүбелі үлесін қосты.

Жиналғандар ескерткішке гүл шоқтарын қоймас бұрын батырларымызды 1 минут үнсіздікпен еске алды.

Салтанатты шараға тұрғындардан бөлек жергілікті атқарушы орган өкілдері, қоғам белсенділері мен ардагерлер қатысты. Мына қаз-қатар тізілген солтүстікқазақстандықтарды өңір жетекшісі Ғауез Нұрмұхамбетов бастады.

Аймақ басшысынан кейін көпшілік те ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойып, жауынгерлердің рухына тағзым етті.

Мәңгілік алаудың маңына қойылған гүл шоқтарының санында есеп жоқ. Мұнда жүрген әрбір жанның айтары бар. Қан майданға біреуінің әкесі, енді бірінің атасы мен ағалары қатысқан. Қала тұрғыны Сайран Букеновтің әкесі Дүйсен Букенов Ұлы отан соғысының басынан аяғына дейін болыпты. Соғыста аса күрделі тапсырмаларды орындаған екен. Азамат “Асқар тауым көзімнен кетсе де жарқын бейнесі мәңгілік жүрегімде”,- дейді.

САЙРАН БУКЕНОВ, ҰОС ардагері Дүйсен Букеновтің ұлы:

– Әкем небәрі 17 жасында соғысқа аттанды. Майданнан жарақатпен оралды. Соғыстан кейін қазіргі “ЗИКСТО” зауытында жұмыс істеді.

Ұлы Отан соғысына 100 мыңға жуық солтүстікқазақстандық аттанған. Оның 45 мыңғы қайтып оралмаған. Өңіріміз бойынша 56 ардагерге “Кеңес Одағының батыры” атағы берілген. Шара барысында облыстық мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова бізбен тың деректермен бөлісті.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Шал ақын ауданының тумасы Жиенше Есімсейітов туралы айтқым келіп тұр. Батырымыз партизан жасағының құрамында болған. 1943 жылы ерлікпен қаза тапқан.

Жерлестеріміз азаттық үшін жанын берген жауынгерлердің есімдерін әркез жадында сақтайды. Бейбітшілік – елдің тірегі. Мына тұрғындардың тілегі бір. Барлығы Қазақстанымыздың аспаны мәңгі ашық болғанын қалайды.