Қоғам

Ақтас ауылында ҰОС ардагерлерін еске алу шарасы өтті

Жеңісті жақындатуға Есіл ауданындағы Ақтас ауылының азаматтары да зор үлес қосты. Сол бір сұрапыл жылдары аядай ғана ауылдан қан майданға 68 адам аттанған екен. Оның жартысы оралмаған. Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Әрқайсысының есімі бірлігі жарасқан ауыл саябағындағы ескерткіш тақтаға тайға таңба басылғандай етіп жазылған. Бүгін Ұлы Жеңіс күні ауылдағы ағайын бастап, жастар қостап ардагерлерді еске алу шарасы өтті. Жиылған қауым ескерткішке гүл шоғын қойып, ұрпаққа бейбіт өмір, ашық аспан сыйлаған жандардың рухына тағзым етті.

АСХАТ ҚОСПАНОВ, Ауған соғысының ардагері:

– Біз – келешек ұрпақ, осы жерде тұрған қауым ел, жұрт болып өмірден өткен соғыс ардагерлеріне басымызды иіп, тағзым етеміз. Топырағы торқа, жандары жәнәтта болсын. Ұрпақтары бақытты, ғұмырлы болсын, елімізде соғыс деген атымен болмасын.

Салтанатты шара мектепте жалғасын тапты. Мектеп директоры Мейрам Тоқпанов, қоғам белсенділері Ғабит Біләлов, Сағындық Тәжібаев, Абай Омаров деген азаматтар еліміздің келешегі – жас буынға Ұлы Жеңістің маңыздылығы туралы әңгімелеп берді. Өсиет тыңдап өскен ұрпақ ата-бабаның ерлігін ешқашан ұмытпайды, егемендіктің қадірін біледі.

 

Данаш Хамза