Қоғам

Ұлы жолды жалғаған курсант

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Академиясында ұлы жолды жалғаған курсант білім алуда. Биыл офицер атанатын Асқар Жәлеловтың арғы атасы – Төкеш Өтеғали екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Ол 1943 жылы Сталинград түбіндегі қанды шайқастардың бірінде із-түссіз жоғалып кетіпті. Болашақ лейтенанттың атасы – Жәлел Төкешов. Бұл кісі соғыстан кейінгі жылдары Самарқандта радиобайланыс саласында қызмет еткен, қорғаныс қабілетін нығайтуға өз үлесін қосқан. Ал әкесі – полковник Кенжебек Төкешов Ұлттық ұлан қатарында қызмет етеді. Асқар Жәлелов – Академияның үздік курсанттарының бірі. Қазіргі уақытта жалынды жас ішкі істер органдарының байланыс жүйесіне жасанды интеллектті енгізу бойынша инновациялық жобамен айналысуда. Жәлеловтер жанұясы – ұрпақтар сабақтастығы мен өшпес әскери рухтың көрінісі. Айта кету қажет, тәуелсіз елімізде мұндай әулеттер көп емес.