Қоғам

Теріскейліктер соғыс ардагері Валентина Волкодавты ақтық сапарға шығарып салды

Осыдан 2 күн бұрын Петропавлда ҰОС-ның ардагері Валентина Волкадав қайтыс болды. Дәл Жеңіс күні қарсаңында дүние салған 103 жастағы кейуананы бүгін теріскейліктер ақтық сапарға шығарып салды. Шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың атынан аппарат басшысы Руслан Әлішев қатысты. Ол батырымыз ел есінде мәңгі сақталатынын жеткізді.

РУСЛАН ӘЛІШЕВ, СҚО әкімі аппаратының басшысы:

– Облыс әкімі және өзімнің атымнан ардагердің жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Валентина Архиповнаның өңіріміз үшін орны бөлек. Өрімдей жасында майданға аттану – ерлік. Кейуана өскелең ұрпаққа үлгі. Әрдайым күліп жүретін. Өмірге деген құштарлығы ерекше болды. Ұлы Жеңістің 80 жылдығын бірге қарсы аламыз деп ойлап едік. Өте өкінішті…

Валентина Архиповна небәрі 19 жасында майданға аттанған. Беларусь пен Украинада көпір салу жасағында еңбек еткен. Біз соғысқа қатысқандар дегенде көз алдымызға мылтық ұстаған, танк тізгіндеп, ұшақ басқарған жандарды елестетеміз. Бірақ, сол батырларымызды тамақпен, киіммен, жолмен және тағы да басқа заттармен қамтамасыз еткен адамдарды ұмытпауымыз қажет. Олар болмаса, майдандағы жеңіс те болмас еді.

Әдетте әскери оркестрді шерулерде, салтанатты шараларда көреміз. Бүгін ардагердің ауласында баяу музыка ойнады. Батыр кейуананы ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне аға буын өкілдері көп жиылды. Жастар да бар. Барлығы Валентина Архиповнамен қимай қоштасты. Көздеріне жас алғандар да аз болмады. Қоштасу рәсімінде ардагердің немересі Мария Недвига жиналғандарға өз алғысын білдірді.

МАРИЯ НЕДВИГА, ҰОС ардагері Валентина Волкодавтың немересі:

– Әжем өте еңбекқор адам болды. Балалары мен немерелерін аяққа тұрғызды. Барлығымызды оқытты. Әрдайым бізге білім қуалаңдар деп айтатын. Өмірден өткенімен жарқын бейнесі менің жүрегімде мәңгілік болады. Шынымды айтсам, қамқоршымды енді көрмейтініме сенбей тұрмын.

Айта кету керек, биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығын облыста 2 ардагер қарсы алады.

Мәдина Қаби