Осыдан 80 жыл бұрын Ленинград жау құрсауынан босап, 2 жыл 3 айға созылған блокада бұзылды. Бұл күн оңайлықпен келген жоқ. Миллиондаған адам қиындық көрді. Азапқа толы шақта Петропавлда құрылған атақты 314-ші атқыштар дивизиясы ерледі. Оның құрамында 10 мың жауынгер болған. 75 пайызы – солтүстікқазақстандық. Батырлар қаламызда дайындықтан өткізіліп, оқ қарша бораған Ленинград түбіне жіберілген.
ВЛАДИМИР ТИМОШИН, тыл еңбеккері:
– Батырларымыз қазақ, орыс, татар немесе басқа ұлт деп бөлінбеген, барлығы бірлесе жауға қарсы тұрған. Олар көрген қиындықты елестету, сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Менің әкем де 314-ші атқыштар дивизиясы құрамында болды. Елге аман-есен келіп, қызмет етті. Кейбір оқиғалары әлі есімде, күрсіне еске аламыз. Біздің бүгінгі күніміз, арайлап атқан таңымыз сол майдангерлердің арқасы деп білемін.
Қан төгілді, жан берілді. 900 күн бойы біздің жауынгерлер қаланы қорғады. Бұл ерлік ұмытылмайды. Солтүстікқазақстандықтар жылда Ұлы Жеңіс күні қарсаңында 314-ші атқыштар дивизиясының Петропавлдағы ескерткіші маңына жиналады. Дәстүрге сай жерлестеріміз гүл шоқтарын қойып, батырлардың рухына тағзым етеді.
КОНСТАНТИН РЫБ, қала тұрғыны:
– Біз кезінде соғысқа қатысқан жандармен кездесіп, олардан бастан өткергендерін сұрайтынбыз. Мен мектеп директоры болып қызмет еттім. Сол шақта жиі жүздесулер ұйымдастырып жүрдік. Атақты 314-ші атқыштар дивизиясы Петропавлда тамыз айында құрылған. Олар бірнеше ірі шайқасқа қатысты. Кингисепп қаласын жаудан азат етті. Соғысты Польша жерінде аяқтады. Біздің батырларымыз Ұлы Жеңіс жолында аянбады. Бұл – әрбіріміз мақтанатын дивизия.
314-ші атқыштар дивизиясы жайлы әлі де зерттеу жүргізу қажет. Оның құрамындағы майдангерлердің басым бөлімі соғыс даласында қаза тапқан. Кейбірі іс-түссіз жоғалып кетті. Уақыт өте тың деректер табылуы да мүмкін…
Мәдина Қаби