Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ҰОС-ның ардагері Василий Макиенконы мерекемен құттықтады. Қан майданның қатысушысы биыл мейрамды үйде емес, ауруханада қарсы алуға мәжбүр. Ол қазір жарақат салдарынан қалалық көпбейінді ауруханада емделуде.
Кездесу барысында өңір жетекшісі ардагерге Мемлекет басшысы атынан мерейтойлық медалін табыс етіп, құттықтау хатын оқып берді.
Василий Васильевич әскерге 43-ші жылы шақырылған. Ол – десантшы. Соғыста аса күрделі тапсырмаларды орындаған. Украина, Польша және Германияда жауға қарсы тұрған. Елге оралған соң ондаған жыл өндіріс саласында қызмет етті. Зайыбымен 3 қыз тәрбиелеп өсірген. Немересі Олеся Цоль атасына жиі келеді. Қолдау көрсетіп, әрқашан жанынан табылады.
ОЛЕСЯ ЦОЛЬ, Василий Макиенконың немересі:
– Ең алдымен облыс және қала әкіміне алғыс айтқым келеді. Атам осындай жағдайға душар болған сәттен бастап көмектесіп жатыр. Керек дүниенің барлығын жеткізді. Тұрғындардың да жылы сөздерін, тілектерін естіп жатамыз. Қолдау танытқан жандарға алғысымыз шексіз.
100 жасқа жақындаған ардагердің денсаулығына жарақат қатты әсер етті. Василий Макиенко өзін әлі әлсіз сезінеді. Дәрігерлер қарияны аяққа тұрғызу үшін қолдан келген шараның барлығын жасауда.
ЖАННА МАУТОВА, көпсалалы қалалық жедел жәрдем ауруханасының директоры:
– Ардагердің жағдайы алғашқы күндерге қарағанда жақсарып қалды. Науқастың жамбас сүйегі сынған. Күндіз-түні бақылап отырмыз. Қария толықтай қалыпқа келуі үшін әлі 1 айдай уақыт керек.
Василий Макиенконың жазылуын күллі солтүстікқазақстандықтар күтіп отыр. Ардагерді кейінгі буын құрметтейді, үлгі тұтады.