Жайма-шуақ күндердің де ауылы алыс емес. Сынап бағанасы көтерілсе, жағажайда күнге қыздырынатын, суға түсетін адамдардың да саны артады. Бұл ретте демалыстың соңы қайғылы аяқталуы мүмкін екенін ұмытпау қажет. Осыған байланысты өңір құтқарушылары Есіл өзені бойында рейд өткізуде.
РИЗАБЕК ТЕМІРБЕКОВ, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері:
– СҚО-ның аумағында екі мыңнан астам өзен-көл бар. Біздің облысымызда тек 60 су айдынында шомылуға рұқсат етілген. Осыған байланысты түсіндіру жұмыстарын жыл бойы жүргіземіз. Жыл басынан бері 2 мыңнан астам үгіт-насихат жұмысы жүргізілді. Сонымен қатар, мектептерде ата-аналарға да түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.
Моторлы қайық тізгіндеген құтқарушылар зымыранша зулайды. Дауыс зорайтқыш құралдары бар. Соның көмегімен жақын маңдағы адамдарға қауіпсіздік ережелерін хабарлайды.
Рұқсат етілмеген жерде шомылуға мүлде болмайды. Өзен-көлге масаң күйде түспеу қажет. Жағажайларда балаларды қараусыз қалдырмаған абзал. Осыларды хабарлаған мамандар қауырт маусымға дайын екендерін де жеткізді.
РИЗАБЕК ТЕМІРБЕКОВ, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасы аға офицері:
– Шомылу маусымына дайынбыз. Сүңгуір қайықтар мен барлық құрал-жабдықтар дайын. Осының арқасында биыл өңірімізде суға бату жайты тіркелмеді.
Стастиканы өзгертпеу қажет. Жауапты міндет жүктелген құтқарушылар адам шығынын болдырмау үшін алдағы уақытта түсіндіру шараларына қарқын қоспақ.
Севара Зияхан