БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Мамыражай мамырдағы мерекенің бірі – Отан қорғаушылар күні! Бұл мереке жайлы сөз қозғасақ, тарихымыздың бергі беттерімен шектеліп қалмауымыз қажет. Өткеннің тереңіне бойлаған жөн. Қазақта айлап аттан түспеген, ел қорғаған, дүйім жұрттың мақтанышына айналған батырлар аз болған жоқ. Мен-мен деген баһадүрлердің қатарына аттарынан ат үркер Қарасай мен Ағынтайды да қосамыз. Қос тұлғаның Солтүстік Қазақстан облысына тікелей қатысы бар. Мұны жақсы білетін жерлестеріміз әр жылдың 7-ші мамырында батырлардың Петропавлдағы ескерткіші алдына жиылады.
Дәстүрлі шараға биыл да әжептәуір адам жиылды. Қарасай мен Ағынтай – ежелден ерліктің символы. Теріскей тұрғындары баһадүрлерді еске алу арқылы ел мен жер үшін мерт болған батыр бабаларымыздың барлығының рухына тағзым етеді. Алдығымен ескерткішке тепсе темір үзер қос азамат беттеді. Олар аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтың атынан гүл себетін қойды. Артынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов төбе көрсетті.
Мұндай құрмет барда ел қорғаған батырлардың есімдері мен ерліктері ұмытылмайды. Азаттық жолына ажал құшқан бабаларым бәріміздің жадымызда болады.
Ұшқан құстың қанаты талатын жерді аманат еткен бабаларымыздың ұрпақтары да батыр болуы тиіс. Отан қорғаушылар – елдің қалқаны.
– Мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Сарбаздарымыз мық болсын! Тәжік-ауған шекарасында болған ардагерлер баршаңызды құттықтайды!
– Болашақ Отан қорғаушыларды тәрбиелеп жатқан ұстаздардың бірі боламын. Тәуелсіздікті сақтайтын жас буын аға буынға қарап өсіп келе жатыр.
– Қарулы күштеріміздің күші арта берсін! Көк туымыз желбірей берсін!
Мерекемен құттықтаған, ізгі тілек білдірген теріскейліктер жан-жаққа тараспады. Халық орталық алаңды бетке алды. Мұнда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған Астанадаға әскери шеру тікелей эфирде көрсетілді. Еңбектеген бала да, еңкейген қария да осы маңнан табылды.
Әскери шеруге Президент – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, Отан қорғаушыларды мерекелермен құттықтады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚР Президенті – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы:
– Биыл Ұлы Жеңіске – 80 жыл! Баршаңызға Ұлы Жеңіс күні құтты болсын! Бұл мейрам – халқымыздың жауынгерлік рухының символы. Біз елдік үшін күрескен батыр бабаларды ұлықтаймыз.
Мерейтойлық парад дүйім жұрттың есінде ұзақ қалады. Бұл айтулы шараға 4 мыңнан астам әскери қызметші қатысуда. Оған қоса, халық назарына заманауи техника, қару-жарақ пен ұшақтар ұсынылады. Тарихи сәттің куәсі болу үшін облыстан арнайы делегация аттанған.
Байболат Құлтанов