Назарбаев Зияткерлік мектебінде алғаш рет “Әке – баланың темірқазығы” атты әкелер форумы өтті. Маңызды жиын оқушы ұлдарды және олардың асқар тау әкелерінің басын қосты. Бұл шара өткен жылы мектепте бастау алған аналар форумының заңды жалғасына айналды. Форум ашық пікірталас форматында өтті. Ер азаматтар әкенің бала тәрбиесіндегі рөлі, отбасылық құндылықтар мен ата-ананың балаға үлгі болуы туралы ой бөлісті.
ЕРБАҚЫТ АМАНТАЙҰЛЫ – «AMANAT» партиясы СҚОФ жанындағы «Miras» кеңесінің төрағасы:
– Бала тәрбиесінде әке мен шешенің үлесі бірдей болуы керек деп ойлаймын. Ана өз тарапынан тәрбие береді, әке өз тарапынан тәрбие береді. Өкінішке қарай, нарықтық заман дейміз бе, бірақ, енді оған да сілтей салуға болмайды, қазір қоғамда келеңсіз оқиғалар – ер жігіттердің қызмінезді болып кетуі әке мен ана тәрбиесінде баланстың дұрыс бомауынан деп ойлаймын. Сондықтан, бұл форумның әкелерге пайдасы көп. Мүмкіндігінше, әке бала тәрбиесіне ат салысуы керек.
Іс-шараның бірінші бөлімінде оқушылардың әкелері, қамқоршылық кеңесінің өкілдері, сондай-ақ, арнайы шақырылған меймандар сөз сөйледі. Қазақстанның Мәдениет қайраткері Қайырлы Ғафуров форумның әке мен баланың қарым-қатынасын нығайтуда маңызы зор екеніне тоқталды.
ҚАЙЫРЛЫ ҒАФУРОВ – ҚР Мәдениет қайраткері:
– Қазір технологияның дамыған заманы, балалар көбінесе телефонмен жүреді. Байқағаным, әке мен бала арасында қарым-қатынас азайып бара жатқан сияқты. Бір-бірімен сырласу, бір-бірінің ойларын білдіру деген сияқты жайттар кейінге қалып бара жатқан сыңайлы. Осы ретте Әкелер форумының пайдасы зор.
Мектептің қамқоршылық кеңесінің мүшесі Алмас Жапабаев өз балаларын қалай ынталандыратынын, Iron Man-ға қатысу тәжірибесі жайлы баяндады. Арнайы шақырылған мейман – балалары әлемдегі ең беделді жоғары оқу орындарының бірі Пенсильвания Университетіне түскен көкшетаулық азамат Марат Каримов те өз ұлдарын қалай тәрбиелегендігі туралы әңгімеледі. Сондай-ақ, жиынға қатысушылар саналы ата-ана болу мәдениетін қалыптастыру туралы пікір алмасып, мұндай іс-шаралар отбасы мен мектептің байланысын нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Данаш Хамза