Балалар

Жеңіс пен ұстазды ұлықтаған мерекелік кеш

Ән, би, хор және көтеріңкі көңіл күй. Бүгін “Ұрпақ жадында сақталсын” тақырыбында №8 жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие орта мектеп-кешенінде концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Мерекелік жиын Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналды. Шараға бастауыш сыныптан бастап, жоғары сынып оқушыларына дейін тыңғылықты дайындалған. Оны арнайы киген киімдерінен байқауға болады. “Бұндай шараның тәрбиелік маңызы зор”,- дейді оқушылармен бірге ат салысып жүрген мектеп директоры Айгерім Уәлиева.

АЙГЕРІМ УӘЛИЕВА, №8 жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие орта мектеп-кешенінің директоры:

– Мерекеге 2 апта көлемінде дайындалдық. Балалар эстетикалық мектепте оқып жатқандықтан бұндай іс-шараларға қатысу құлшынысы, мотивациясы өте жақсы. Әнмен, бимен республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысып жүргендіктен осындай мерекелер олар үшін маңызды.

Шараның мақсаты – соғыс ардагерлерін еске алу ғана емес, тыл еңбеккерлеріне де құрмет көрсету. Олар кейінгі толқынның өздеріне деген көңілін сезініп, ізгі тілектерін естуі тиіс. Сонда ғана арада берік байланыс орнайды, жастар тарихқа бір табан жақындайды. Мектептегі хор қариялардың жүрегіне жол тапты. Қайта-қайта қошемет көрсетілді.

ҒАЛИЯ МҰХАМЕДЖАНОВА, №8 жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие орта мектеп-кешенінің хор жетекшісі:

– Бүгінгі мереке – ең жақсы мерекелердің бірі. Отан қорғаушылар мен Жеңіс күнін балалар жақсы білуі тиіс. Сондықтан, оларды осындай шараларға патриоттық шығармаларды жаттатып, тарихты айтып дайындаймыз. Жеңіс оңайлықпен келген жоқ.

Жеңістің маңыздылығын түсінген жастар аға буынды түрлі сезімге бөледі. Қуантты да, мұңайтты да. Шара соңында қонақтар ізгі тілектермен тарасты.

 

Севара Зияхан