Мәдениет

Петропавлда “Ұмытылмас отты жылдар” атты көрменің таспасы қиылды

Сырға толы жәдігерлер мен көздің жауын алатын экспонаттар. Бейнелеу өнері мұражайында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай “Ұмытылмас отты жылдар” атты көрменің таспасы қиылды. Салтанатты шараға ардагерлер, қылқалам шеберлері мен жастар қатысты. Жиналғандар ең алдымен батырларымызды 1 минут үнсіздікпен еске алып, рухына тағзым етті. Сондай-ақ, соғыс жылдарындағы майдангерлеріміздің тартқан тауқыметі мен ерлігі жайлы сөз болды.

ГҮЛНҰР ЗЕЙНЕЛҒАБИДЕНОВА, облыстық бейнелеу өнері мұражайының директоры:

– Мына экспонаттардың барлығы музейдің қорынан алынды. Мұражай 1989 жылы ашылды. Музейде 5 мыңнан астам экспонат бар.

Көрмеде келушілердің назарына 20 экспонат ұсынылған. Оның 15-і – кескіндеме, бесеуі – мүсін. Барлығы асқан ұқыптылықпен жасалған. Түсірілім барысында мұражай қызметкерлері бізге әр туындының мағынасы жайлы айтып берді.

ГҮЛНҰР ЗЕЙНЕЛҒАБИДЕНОВА, облыстық бейнелеу өнері мұражайының директоры:

– Бұл туындыда соғыс кезеңіндегі жылдың төрт мезгілі бейнеленген. Рейхстагқа ту тіккен сәт те көрсетілген.

Жастар бейбіт өмір үшін майдан кешкен ардагерлерімізді ешқашан ұмытпауы тиіс. Бүгінгі шараның мақсаты да сол. Ұл-қыздарға соғыс жылдарындағы көріністі көрсету. Жеңістің қандай қиын жолмен келгенін жеткізу.

МЕРЕЙЛІ АБАЙ, студент:

– Маған артымда тұрған сурет қатты ұнады. Себебі, туынды жануардың терісінен жасалған. Өте қызықты кескіндеме. Көз алмай қарап тұра бергің келеді.

Айта кету керек, солтүстікқазақстандықтар алдағы 2 ай бойы облыстық бейнелеу өнері мұражайына келіп, көрмені тамашалай алады.

 

 

Нұрасыл Ахмет