Спорт

Петропавлда тәртіп сақшылары арасында шағын футболдан турнир өтті

Петропавлда полицейлер арасында шағын футболдан турнир өтті. Жарысқа ішкі істер органдарының ардагерлері де қатысты. Теңбіл доп додасы арнайы мақсаттағы «Арлан» бөлімшесінің құрылғанына 27 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр.

Турнирге барлығы – 8 команда қатысты. Сайыс өте тартысты өтті. Алаңның әр бұрышында допқа талас жүргізілді. Құрамалар бір-біріне дес берер емес. Әр ойында минималды есептер тіркелді.

ТАҢАТ МӘДЕНОВ, СҚО ПД командасының капитаны:

– Полицейлер арасында спорттық жарыстар жиі өткізілуі тиіс. Мұндай шаралар салауатты өмір салтын қалыптастырып қана қоймай, өзара байланысты нығайтады. Командалардың барлығы жарысқа жақсы дайындалған екен. Әсіресе, Айыртау және Тимирязев ауданынан келген құрамалардың ойыны ұнады.

Турнирдің қорытындысы бойынша облыстық полиция департаменті жеңімпаз атанды. Тимирязевтік тәртіп сақшылары екінші орынды иеленсе, Айыртау ауданынан келген команда үздік үштікті түйіндеді. Айта кету керек, жарыс чемпионы мамыр айында Талдықорғанда өтетін республикалық додада өңір намысын қорғайтын болады.

 

Нұрасыл Ахмет