Күніне мыңдаған солтүстікқазақстандық пойызбен еліміздің түкпір-түкпіріне барады. Тиісті жерге жету үшін тұрғындар уақыттарын тәулік бойы аталған көліктің ішінде өткізеді. Сондықтан, жолаушыларға бар жағдай жасалуы тиіс. Сол мақсатта бүгін сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер облыстық көліктік бақылау инспекциясы мамандарымен бірлесіп “Петропавл-Алматы” бағытындағы “Тальго” пойызының вагондарында тексеріс жүргізді.
МАНАРБЕК ЫБЫРАЕВ, СҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясы бөлімінің бас маманы:
– Көліктік бақылау инспекциясы мұндай шараларды жиі өткізеді. 4 айдың ішінде 9 пойызды тексердік. 8 вагонда олқылықтар анықталды.
Шара барысында мамандар вагондардың жай-күйімен танысты. Оның ішінде пойыз ішінде техникалық және санитарлық нормалар сақталған-сақталмағанын тексерді.
Жасыратыны жоқ, пойыз ішінде бармақ басты, көз қысты әрекеттер де кездесіп жатады. Бұл мәселе де мамандардың басты назарында.
“Петропавл-Алматы” бағытындағы “Тальго” пойызы тұрғындардың арасында сұранысқа ие.
Айта кету керек, “Жемқорлыққа қарсы волонтерлік” жобасы 2023 жылы іске қосылған. Еріктілер 4 айдың ішінде 360-тан астам адамға құқықтық көмек көрсетіпті.
Нұрасыл Ахмет