Күллі ауыл мақтан тұтатын майдангер! Тайынша ауданындағы Аққұдық елдімекенінде ардагер әрі білікті ұстаз Төлеген Қасымовтың құрметіне мемориалды тақта ашылды.
Бұл азаматтың ерлігін және еңбегін ескерусіз қалдыруға болмайды. Ол 1941 жылы майданға аттанған. 18 жастағы бозбала 322 атқыштар дивизиясы қатарында жаумен күресті. Бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Қазақтың қайсар ұлы талай сарбаздың демі үзілген әйгілі Курск шайқасына қатысқан. Киев, Харьков, Будапешт сынды ірі қаларды азат етуге қатысқан.
ШАХМАРАН ҚАСЫМОВ, ҰОС ардагері Т.Қасымовтың ұлы:
– Венаға барар жолда жарақат алып, аман қалған. Соғыстан кейін Ленинград қаласында әскери борышын өтеген. Сосын елге оралып, 49-шы жылдан 58-ші жылға дейін Алабота орта мектебінде әскери іс пәні бойынша сабақ берді.
Содан кейін дене шынықтыру және еңбек пәндерінің мұғалімі болды. Оқушыларды салауатты өмір салтына ғана емес, жұмысқа да баулыды. Майдангердің тағдыр тоғыстырған жары да Аққұдық орта мектебінде ұстаздық қызмет атқарған. Екеуінің жалпы еңбек өтілі 70 жылды құрайды.
МАРХАБА АҚТАЕВА, Алабота орта мектебінің директоры, Тайынша ауданы:
– Алабота орта мектебінде мемориалды тақта ашу арқылы біз ардагердің ерлігі мен еңбегіне құрмет көрсетеміз. Төлеген Қасымов – барлығымыз мақтан тұтатын тұлған. Майдангер 30 жыл біздің оқу ошағында жұмыс істеді. Талай шәкірт тәрбиеледі. Оқушылары тек жақсы пікір айтады, естеліктерімен бөліседі. Осыдан Төлеген Қасымұлының адамгершілігі мол, білімді адам болғанын көреміз.
Салтанатты шараға ардагердің оқушылары қатысты. Мінберге шыққан Балташ Қарыпов 1973 жылы Алабота орта мектебін тәмамдаған. Бүгінде заң ғылымдарының докторы, профессор. Ардақты ұстаз азаматтың әлі көз алдында.
БАЛТАШ ҚАРЫПОВ, ҰОС ардагері Т.Қасымовтың шәкірті:
– Төлеген Қасымұлы жақсы адам ретінде есімізде қалды. Сабырлы болды. Қан майданды көрген азаматтың ұстамды болуы екіталай дүние. Бірақ, біздің ұстазымыз дауыс көтермейтін. Барлығын ақырын айтып, түсіндіретін. Ол кісіні сыйладық. Төлеген Қасымовтың ұлы мен қызы – менің сыныптастарым. Бірге өстік, майдангердің әкелік қамқорлығын да сезіндім.
Ардагер әрі білікті ұстаз Төлеген Қасымов өмірінің соңына дейін мектепте жұмыс істеді. 1980 жылы 57 жасында дүние салды. Өзі талай жыл еңбек еткен Аққұдық ауылында жерленген. Жары екеуі 5 бала өсіріп, қанат қақтырды.
Байболат Құлтанов