Таңда Киров атындағы зауыт қабырғасында станоктардың емес, әскери оркестрдің үні шықты. Бойға рух беретін әуен бекерден-бекер ойналған жоқ. Іргелі кәсіпорын басшылығы мерейлі мерейтойға байланысты бұрынғы қызметкерлер мен жұмысшыларды жиып, концерт ұйымдастырды.
АЛМАС НҰРМАҒАМБЕТОВ, «С.М.Киров атындағы зауыт» АҚ бас директоры:
– Ұлы Жеңістің 80 жылдығына байланысты зауытымыздың қабырғасында салтанатты шара ұйымдастыруды жөн деп таптық. Біздің кәсіпорын 1941 жылы Петропавлға көшірілген. Сұрапыл соғыс жылдары жұмыс істеді. Түрлі техника мен құралдар шығарып, майданға жөнелтті. Өзіміздің 70 ардагеріміз бар. Басым бөлігі бүгінгі мерекелік шараға келе алмады. Олардың барлығына сыйлық әзірледік. Әрқайсысына таратамыз, қуантамыз.
80 жылдан аса тарихы бар зауыт қабырғасында мындаған адам еңбек етті. Олар кәсіпорынды алға сүйреді, көпшілікке танытты. Солардың бірі – Вадим Балуба. Өндіріс ошағының ардагері салтанатты шара барысында жырмен шашу шашты.
Вадим Балуба – Украинаның тумасы. Соғыс басталған кезде анасы және 3 әпкесімен бірге Петропавлға көшірілген. Қария 90 жасқа таяса да отты күндерді ұмытпаған. Олар мінген пойыз жолда бірнеше рет бомбаланыпты. Қазақ жеріне әрең жеткен жанұя мүшелері осында оқыды, үлкен өмірге қанат қақты.
ВАДИМ БАЛУБА, «С.М.Киров атындағы зауыт» АҚ ардагері:
– 1961 жылы әскерден келдім. Бірден Киров атындағы зауытқа жұмысқа тұрдым. Бастапқыда 2-ші цехта технолог болдым. Сосын лауазымым біртіндеп өсті, цехтың бастығы дережесіне дейін жеттім. 92-ші жылға дейін еңбек еттім. Кәсіпорын менің өмірімде ерекше орын алады. Біз мемлекеттік тапсырыстарды орындадық, елдің дамуына үлес қостық. Зауыттың бүгінгі жетістіктеріне қуанып отырамын.
Қариялар бүгін де қуанып қалды. Олар құттықтау қабылдады, оқылған өлеңдер мен шырқалған әндерді тыңдады. Әр туынды өткен күндерді еске түсіреді, Ұлы Жеңістің маңыздылығын ұғындырады.
Бірсыпыра адамды жиған концерт кезінде жауынгерлік ботқа дайындалып жатты. Шарадан соң қонақтар мен жұмысшылар астан дәм татты.
Байболат Құлтанов