Жарты ғасырлық тарихы бар стела қайта қалыпқа келтірілді! Петропавлдағы Шухов пен Назарбаев көшелерінің қиылысында орналасқан Ұлы Жеңістің 30 жылдығына арналған стела жаңартылды. Маңызды іске облыстық құрылыс қауымдастығына мүшелік ететін 19 компания жұмылдырылған. Мамандар 2 апта еңбек етіп, тарихи естелікті жаңғыртты, қаланың көркеюіне үлес қосты. Жұмсалған қаржы 6 млн теңгені құрайды.
СЕРГЕЙ ТИМОФЕЕВ, СҚО құрылысшылар қауымдастығының төрағасы:
– Бұрынғы қалпымен салыстыратын болсақ, әжептәуір өзгеріс бар. Стеланың төменгі жағындағы сырлы кірпіштерін толықтай ауыстырдық. Қоршау салдық. Бұрын болмаған еді. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілерге арналған бөліктегі кеспетасты жаңаладық. Стеланың өзін жуып-тазаладық. Қазір көз сүйсінеді десем, артық айтқаным емес.
ӘМІРЖАН ШӘКЕЙ, СҚО “Одақ” комсомол ардагерлері” ҚБ мүшесі:
– Комсомол ардагерлері құрылысшыларға жөндеу жүргізу жайлы ұсыныс тастаған едік. Олар сөзімізді екі еткен жоқ.
Мәдина Қаби