Шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, үстел теннисі және дартс. Петропавлда мүмкіндігі шектеулі жандар арасында “Үміт” облыстық спартакиадасы өтіп жатыр. Бүгін жарыстың ашылу салтанаты ұйымдастырылды. “Үміт”клубына спорттың 13 түрінен 200-ден астам спортшы мүшелік етеді. Өмірде де, спортта да құлшынысы зор жандардың басын қосқан шарада бейінді басқарма басшысы Әділхан Сағындықов үздіктерден құрама команда құралатынын жария етті.
ӘДІЛХАН САҒЫНДЫҚОВ, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
– “Үміт” облыстық спартакиада додасы жыл сайын өтеді. Мүмкіндігі шектеулі спортшыларымыз осы додаға қатысып, жарыстың қорытындысы бойынша облысымыздың құрама командасы бекітіледі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазір мүмкіндігінің шектеулі екендігіне қарамастан төрт қабырғада қамалмай, қоғамға ұмтылған жандардың қатары артып келеді. Соған – “Үміт” спартакиадасы дәлел. Дәстүрлі жарысқа шалақындық тоғызқұмалақшы Жасұлан Жораев тұңғыш рет қатысып отыр. Мақсаты – тәжірибе арттыру.
ЖАСҰЛАН ЖОРАЕВ, спартакиадаға қатысушы, Шал ақын ауданы:
– Бұл жарыста тоғызқұмалақ ойынымен сайысқа түсетін боламын. Осы ойынның ұнайтын жері ойлау қабілетін жақсартады. Осы жарыстан күтетінім жаңа адамдармен таныстық. Соңында ең мықтылары жеңеді деп үміттенемін.
“Үміт”облыстық спартакидасы 2 күн бойы өтеді. Жарыс соңында үздіктер медаль және дипломдармен марапатталады.
Севара Зияхан