ҰОС ардагері Сапар Дүйсеновке арналған мемориалдық тақтаны ашу рәсімі әнұраннан басталды. Кейін ардагердің өзі тұрған үйде естелік тақтасы ашылды. ҰОС ардагерінің рухына тағзым ету үшін салатанатты іс-шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Қайраткердің қызметіне лайықты құрметтің белгісі. Сапар ағамыз еліміз бен облысқа танымал тұлға еді. ҰОС ардагері, біздің еліміздің азаматы болған. Соғыстан кейін Сапар ағамыз отанымыздың дамуына аянбай еңбек етті. Осы жеңістің 80 жылдығы қарсаңында бұл шара зор мағынаға ие.
Жиналған жұрт Сапар Дүйсеновтың ерлігін еске алды. Мемориалдық тақтаға гүл шоқтары қойылды. Құрмет көрсету рәсімі бір минут үнсіздікпен жалғасты.
Іс-шараға ардагерлер, еріктілер мен туған туысқандары қатысты. Салтанатты сәтке ардагердің балалары да келді. Сапар Дүйсеновтың үш баласы бар. Қызы Алтынай Дүйсенова әкесін өмір бойы үлгі тұтатынын айтады.
АЛТЫНАЙ ДҮЙСЕНОВА, ҰОС ардагері С.Дүйсеновтің қызы:
– Бүгін біз үшін маңызды күн. Әкемізге арналған естелік тақтаның ашылу рәсіміне қатысып отырмыз. Әрине, менің қызы ретінде әкем туралы айтар естеліктерім өте көп. Ол керемет жан болатын. Бүгін әріптестері оның кәсіби маман ретінде қандай болғанын айтып жатыр, бірақ ең алдымен оның отбасында қандай жақсы адам болғанын айтқым келеді. Мейірімді, қамқор әке болды. Немерелерін ерекше жақсы көретін. Менің ойымша, әкеміз мұндай құрметке әбден лайық. Барлығына алғысымды білдіремі.
Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин соғыс туралы әңгімелерді тікелей ардагердің өз аузынан естігенін айтады. Сөзінше, оның өнегелі өмір жолы – бүгінгі ұрпаққа үлгі, елге – мақтаныш.
ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Бұл – өте үлкен оқиға, біздің қала үшін, біздің жастар үшін. Сапар Дүйсенұлын ардақты ардагеріміз, ардақты атамыз деп айтамыз. Осында көптеген туыстары тұр. Сондықтан, осы сөзді мен де жай ғана айтқан жоқпын. Өйткені, Сергеев қаласында қызмет атқарған жылдарына біздің жанұямен ерекше араласқан. Сондықтан, мен Сапар ағамыздың ерлік істерін, соғыста жүрген жылдарын өзінің аузынан естіген болатынмын.
Сапар Дүйсеновтің ерлігі майдан даласымен ғана шектелмейді. Ол – әділдік пен заңның биік тұруы жолында да қажырлы еңбек еткен тұлға. 30 жыл құқық қорғау саласында қызмет атқарған. Облыс прокурорының бірінші орынбасары болған.
ҚАЙРАТ ӘБДІХАНОВ, СҚО прокуроры:
– Сапар Дүйсенұлы Дүйсенов ҚР құқықтық жүйесін дамытуға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға, мемлекеттің мүдесі мен азаматтардың құқықтарын қорғауға зор үлес қосты.
Мұндай игі шаралар тарихты жаңғыртып, жас буынның патриоттық рухын арттырады. Ерлік – ұмытылмайтын, ұрпаққа аманат. Елге, ұрпаққа адал қызмет етудің шынайы үлгісі.
“Первый Северный” телеарнасы