Балалар

“Ұлы Жеңіс ізімен” квест ойыны

Қалалық 28-ші орта мектебінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай квест ойыны өтті. Шара 8-сынып оқушылары арасында ұйымдастырылды. Топ-топқа бөлінген балаларға қай кабинетке беттеу қажет екенін білу үшін ең алдымен ребус түріндегі тапсырма берілді. Оқушылардың сайысқа деген дайындығы өте жоғары.

АРЫСТАН ОРАЗАЕВ, қалалық №28 орта мектебінің оқушысы:

– Негізі, тарих пәнінен осал емеспін. Сұрақтар қиын болады деп ойламаймын. Ұлы Жеңіске өз үлесін қосқан батырлар жайлы да біраз мәлімет білемін. Қазір біз “Маршрутты тап” деген тапсырма орындап жатырмыз. Бүгінгі квест ойынында жеңеміз деген ойдамын.

Оқушылар барлығы – 6 тапсырма орындайды. Бұнда тіпті соғыс туралы әндерді де табу қажет. Ал келесі топ 1-ші қабатта суреттері ілулі тұрған адамдардың кім екенін және қандай еңбек сіңіргендерін анықтауы қажет.

Оқушылар кабинетте бөгелген жоқ, тапсырмаларды жүгіріп жүріп орындады. Ұйымдастырушылардың сөзінше, олар сұрақтарды жан-жақты қылып құрастырған. Тіпті, қазақтан шыққан жалғыз әйел-ұшқыш, батыр, Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова жайлы сұрақ бар.

ҒАЛИЯ МҮСЛІМОВА, қалалық №28 орта мектебінің тарих пәні мұғалімі:

– Сұрақтар көбіне оқу бағдарламасынан алынған. Сонымен қатар, ҰОС-қа қатысқан жандар жайлы да сұрақтар бар.

Барлық тапсырманы мүдірмей орындап шыққан команда акт залына бірінші болып жетуі қажет. Мұнда олар “Оқиғаларды тап” деген тапсырманы талдайды.