Қоғам

Отан үшін от кешкен ардагер

Өскелең ұрпақ арада ұзақ уақыт өтсе де бейбіт өмір сыйлаған майдангерлеріміз жайлы білуі тиіс. Өңірде үш соғыс ардагері ғана қалды. Қазіргі таңда ешқашан ұмытылмайтын қан майдан жайлы батырларымыздың ұрпақтарынан естіп жүрміз. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай арна тілшілері ұрыс алаңында болған ардагерлердің балаларымен, немерелерімен жүздесуде. Бүгінгі шығарылымда біз МТРК телеарнасының тақырыптық бағдарламалары редакторы Әлия Икамбаевамен тілдестік. Ол бізге атасы, соғыс ардагері Уара Нұрсейітов жайлы айтып берді.

ӘЛИЯ ИКАМБАЕВА, МТРК телеарнасының тақырыптық бағдарламалар редакторы:

– Мен атамды өз көзіммен көрген жоқпын. Ол жайлы әкем мен анамнан, ағаларымнан көп еститінмін. Уара Нұрсейітов сияқты батырдың ұрпағы болғаныма мақтанамын. Атам теріскейдің нар тұлғасы Сәбит Мұқановпен де жақсы қарым-қатынаста болған. Мен де кішкентай кезімнен оның жолын қуып қарымды қаламгер болғым келетін. Сол себепті де осы жолды таңдадым.

Уара Нұрсейітұлы 1916 жылы қазіргі Аққайың ауданында дүниеге келген. Ардагер сегіз қырлы, бір сырлы азамат болыпты. Еңбек жолын 1938 жылы “Ленин” туы газетінде бастаған. Өзінің шығармалары арқылы талай жанның жүрегін жаулаған. Журналист болып жүріп, 41-де әскер қатарына алыныпты. 42-ші жылы соғысқа аттанған. Талай рет кескілескен шайқастарға қатысып, от пен оқтың ортасына түсіпті. 43-тің қыркүйегінде Витебск облысы Суражин ауданының Верховье және Сенково елді мекендері үшін сұрапыл шайқас болады. Осы майданда Уара Нұрсейітов қатты жараланып, оң қолынан айырылған екен. Госпитальге түскен сәтте дәрігерлердің өзі майдангердің тірі қалатынына сенбепті.

ӘЛИЯ ИКАМБАЕВА, МТРК телеарнасының тақырыптық бағдарламалар редакторы:

– Уара Нұрсейітов ауыр халде жатса да ұрыс даласында соңына дейін бола алмағанына қатты өкінген. Ұлы Отан соғысында өзі жетекшілік еткен 101-ші атқыштар бригадасының 80 пайызы майданда қаза тапқан. Ол тірі қалған достарымен үнемі байланыста болды. Бірге жұмыс істеген әріптестерімен сөйлескен кезде олар атам жайлы тек жақсы дүние айтатын. Олардың сөзінше, Уара Нұрсейітов өте ұқыпты, еңбекқор адам болған екен.

Уара Нұрсейітұлы I дәрежелі “Отан соғысы” орденімен марапатталған. Майдангер тағдырдың тауқыметіне еш мойыған жоқ. Қанша қиын болса да сүйікті ісін жалғастырды. Өзінің өзекті мақалалары арқылы тұрғындардың базынасын жоғары жаққа жеткізді. Көркем аудармамен да айналысты. Ардагердің ұлы Нұрлан Нұрсейітовтің сөзінше, әкесі өте салмақты, сабырлы жан болған екен.

НҰРЛАН НҰРСЕЙІТОВ, ҰОС ардагері У.Нұрсейітовтің ұлы:

– Әкем қан майданды мүлдем есіне алғысы келмейтін. Соғыс туралы сұрасақ айтпайтын. Себебі, ол ұрыс даласында қаншама досынан айырылған. Асқар тауымның әскери шені майор болған. Кез келген шайқаста үзеңгілестерін шабуылға бастап жүрген.

Айта кету керек, азамат 1976 жылы 60-қа таяған шағында өмірден озған. Уара Нұрсейітов зайыбымен бірге 6 бала тәрбиелеп өсірген.