Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

Көмек қолын созған құтқарушыларды салтанатты шығарып салу рәсімі өтті

БАЙБОЛАТ ҚҰЛТАНОВ, тілші:

– Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынының беті бері қарады. Қазір алаңдауға еш негіз жоқ. Осыған орай Петропавлда өзге облыстың құтқарушыларын салтанатты шығарып салу рәсімі өтіп жатыр.

Арыстандай айбатты, қырандай күшті қанатты құтқарушыларға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Олар ел басына күн туған шақта аянбай еңбек етті, халыққа қалқан болды. Бұлар – нағыз батырлар.

Отан үшін от кешуге даяр жігіттердің жалпы саны 700-ге жуықтайды. Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты құрылым өкілдерінің еңбегін, ерлігін бейінді ведомство басшысы Шыңғыс Әрінов жоғары бағалады.

ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

– Барлығыңыздың қандай қиын жағдайда еңбек еткендеріңізді көрдім. Бұл – нағыз ерлік, батырлық, Отанға деген сүйіспеншілік. Халық алдындағы борышты адал атқардыңыздар.

Өз басының амандығын екінші орынға қойып, халық үшін аянбаған құтқарушылар Қызылжар ауданындағы бірнеше ауыл маңында және Петропавлдың іргесінде тер төкті. Күн демеді, түн демеді. Қолайсыз ауа райына да қарамады. Өздеріне жүктелген міндетті абыроймен орындады. Бүгін олар еңсені тік ұстап, алғыс қабылдауға лайық.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Елдің амандығы үшін аянбай еңбек еттіңіздер. Біз сіздермен мақтанамыз. Туған жерімізді аман сақтап қалғандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Ақ жол, бауырларым!

Құтқарушылар марапатсыз қайтпады. Олардың кейбірін Төтенше жағдайлар министрі медальдармен марапаттады. Екінші жартысына аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов алғыс хатын табыс етті.