Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Тепличное ауылында су тасқыны бойынша жедел кеңес өткізді. Ол ең алдымен сарбаздар тамақ ішіп жатқан шатырларға барып, хал-жағдайларын сұрады. Күні-түні аянбай тер төгіп жатқан азаматтар уақытылы жүрек жалғауы тиіс. Өңір жетекшісі жауапты басшыларға мына жігіттерге бар жағдай жасалу қажеттігін айтты. Бүгінгі күннің батырларына жанқиярлық еңбектері үшін алғыс айтып, мерекемен құттықтады.
Содан соң өңір жетекшісі жауапты басшылардың есебін тыңдады. Қазіргі таңда Тепличное ауылында жағдай тұрақталды. Төнген қауіп сейілді деп толықтай айта аламыз. Бұл – бірліктің нағыз үлгісін көрсеткен теріскейліктердің арқасы. Елді мекен іргесінде сәуірдің 24-інен бастап 1,5 мыңан астам адам тер төкті. Бірақ, әлі арқаны кеңге салуға болмайды. Себебі, Қызылжар ауданының өзге ауылдары қазіргі таңда қиын кезеңді бастан өткеруде. Айта кету керек, су басу қаупі бар елді мекендерде де бөгетті нығайту мен биіктету жұмыстары күшейтілген режимде атқарылып жатыр.
ЖОМАРТ АСҚАРОВ, СҚО ТЖД бастығы:
– Күн суытып, қатты жел соққан кезде жағдайды тікұшақтармен бақыладық. Тұрғын үйлерге су кіру фактісі тіркелген жоқ.
Жомарт Асқаровтың сөзінше, соңғы 1 аптаның ішінде 60 адам эвакуацияланыпты. Тұрғындар уақытша тұрақтарға орналастырылған. Облыс әкімі жауаптыларға азамат-азаматшаларды назарсыз қалдырмауды тапсырды. Керекті заттардың барлығымен қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Қиын-қыстау сәтте тәртіп сақшыларының да еңбегін айтпай кетуге болмайды. Олар да күні-түні елді мекенді күзетіп, қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалады.
АЙДЫН ҚАБДҰЛДИНОВ, СҚО ПД бастығы:
– Су басу қаупі бар елді мекендердегі қоғамдық тәртіпті сақтау үшін 250 полицей жұмылдырылды. Оның 100-ден астамы Тепличное ауылын күзетуде. Күн сайын тұрғындармен кездесіп, байбаламға салынбауға шақырамыз. Келеңсіз жағдай орын алса адамдарды эвакуациялауға да көмек көрсетеміз.
Облыс әкімі тасқын қаупі толықтай сейілгенше дейін барлық жұмыстар күшейтілген режимде атқарылуы тиіс екендігін айтты. Себебі, әлі босаңсуға болмайды. Кез келген сәтте келеңсіз жағдай орын алуы мүмкін. Ғауез Торсанұлы жиын соңында аянбай еңбек еткен жандарға алғысын білдіріп, Бірлік күнімен құттықтады.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Жерлестеріміз мерекеге қарамастан елді мекендерді топан судан қорғап, аянбай тер төгуде. Азаматтардың ұйымшылдығы мен жаңқиярлық еңбектері құрметке лайық. Облысымызда ел қамын ойлайтын азаматтар барда біз қарыштап дамитынымыз сөзсіз. Барлықтарыңызды Бірлік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін.
“Жұмыла көтерген жүк жеңіл”. Соның бір дәлелі – тасқын кезінде еңбек еткен теріскейліктер. Барлығының мақсаты бір – елді мекендерді топан судан аман алып қалу.
Нұрасыл Ахмет