Қоғам

СҚО-да элеваторлар бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзған

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің жұмысы қорытындыланды. Баяндамашы – аталған департамент басшысының орынбасары Аслан Әліппаев. Кәсіпкерлер жақсы білетіндей, елімізде бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнама бар. Өңірде оны бұзу фактілері тіркелді.

АСЛАН ӘЛІППАЕВ, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– Бәсекелестік жай-күйін талдау нәтижелері бойынша өңірдің 2 астық қабылдау кәсіпорнына олардың іс-әрекеттерінде бұзушылық белгілерінің бар екендігі жөнінде хабарлама жолданды.

Нақтырақ айтсақ, элеватор астықты қабылдау, кептіру, тазалау, сақтау және жөнелту қызметіне диқандардан бірдей емес, әртүрлі ақша алып келген. Көтерілген келесі мәселе «Солтүстік» ӘКК» АҚ-ға қатысты. Бұл ұйым келісім жасасу кезінде кәсіпкерлерге әртүрлі талап қойған, айыппұл салған.

АСЛАН ӘЛІППАЕВ, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– Әртүрлі шараларды қолданған. Айыппұл салынған. Осы сынды бұзушылықтар бар. Сол үшін біз хабарлама жолдадық.

Көп ұзамай кәсіпкерлерге тиімді және ыңғайлы жұмыс нұсқасы енгізіледі. Брифинг соңында спикер Аслан Әліппаев облыста бәсекелестікті қорғау және дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасатынын айтты.

 

Байболат Құлтанов