Бұл кеш бұрынғы кештен өзгерек. С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында “Ерен еңбегі” медалінің иегері, Мәдениет саласының үздігі, қара шаңырақтың көркемдік жетекшісі Дәурен Тойбазаровтың 20 жылдық шығармашылығына арналған бенефис-кеш өтті. Бенефис-кеш 2 бөлімнен тұрды. Алғашқысында театр труппасы америкалық жазушының “Шал мен теңіз” повесі негізінде әзірленген қойылымды ұсынды. Басты рөлді сахна шебері Дәурен Тойбазаровтың өзі сомдады. Спектакльдің қоюшы режиссері – ақтөбелік Мейрам Хабибуллин.
МЕЙРАМ ХАБИБУЛИН, Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының режиссері:
– Хемингуэйдің “Шал мен теңіз” повесін сахналадық. Бұл – Қазақстанда көп шығарылмаған қойылымдардың бірі. Жалпы, адамзаттың ішіндегі өзіне ұнамайтын қасиеттерін жеңуі туралы спектакль болады.
НҰРИСЛАМ ӘБДІЛ, театртанушы, Көкшетау қаласы:
– Дәурен Тойбазаровқа келетін болсақ, еңбегі адал адам, театр қызметі үшін барын салады. Тарбағатайдан түлесе де осы теріскей топырағында жұмыс істеп жүр. Нағыз театр қайраткері десек болады.
Кештің екінші бөлімі – салтанатты құттықтау. Мұнда өнерпаздар мен қонақтар ән және би арқылы мерейтой иесінің төбесін көкке жеткізді.
Севара Зияхан