Білім

Назарбаев Зияткерлік мектебінде сахналық қойылымдар сайысы өтті

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай облыс орталығындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өнер фестивалі ұйымдастырылды. Бұл – атақты ақынға арналған білім ұясындағы шаралардың қорытындысы. Шарада топтарға бөлінген оқушылар ойшылға байланысты қойылымдар ұсынады.

СӘУЛЕТ МҰҚАНОВА, Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының орынбасары:

– Алдымен балалардың қойылымды сапалы ұсынуына және актерлік өнерге назар аудамыз. Осы уақытқа дейін мектептің барлық оқушысы іс-шараларға белсенді қатысты.

Бірінші болып сахнаға Аяған Шәжімбаев тобының оқушылары шықты. Талапты әрі талантты жастардың әзірлігі бірден байқалды. Олар Абайдың мағынасы терең қара сөздерін кезектесе оқып, жүрекке жеткізді.

Атақты Абайды сомдаған Нұрдәулет Ермек ақынның 1-ші қара сөзін жаттаған екен. Ол жай ғана жаттамаған. Тарихи тұлғаның еңбегін ой дәптеріне тоқып, рухани азық алыпты.

НҰРДӘУЛЕТ ЕРМЕК, Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-шы сынып оқушысы:

– Абайдың қара сөздері сол уақыттағы қиыншылықтарды баяндайды. Атамыз халықтың көзін ашу үшін қара сөздерін жазып, қалдырып кеткен. Ол бірінші қара сөзінде не істей алмайтындығы жайлы жазған.

Өнер фестивалі жеңімпаздарын тамаша тарту күтіп тұр. Олар жазда Абайдың туған өлкесі Семей өңіріне саяхатқа барады. Ұйымдастырушылар осы арқылы балалардың ел көріп, ақынның өмірімен жақынырақ танысқандарын қалайды.