Қалалық Жастар ресурстық орталығының өкілдері «Көктем» жасөспірімдер клубының тәрбиеленушілерімен бірлесіп, “Үміт” қарттар үйінде болды. Олар ата-әжелерді алдағы мерекелермен құттықтай келді.
Алдыңғы толқын өкілдері күнұзаққа өзара уақыт өткізеді. “Жақыным ат ізін салар” деген үмітпен терезеге телміре қарайтындары да бар. Мұндай кездесу оларға ауадай қажет. Қазыналы қарттар шырқалған әндерге қосылды, арасындағы кейбірі көз жасына ерік берді.
АЙСҰЛУ БЕКІМОВА, қалалық жастар ресурстық орталығының маманы:
– Біз бұл жерге “Жер бетіндегі өмір үшін” атты концертпен келдік. Қатарымызға балалар да қосылды. Олар осы күннен үлкенді құрметтеуді үйренулері қажет. Бүгінгі кездесудің тәрбиелік тұрғыда маңызы зор. Одан қалды, ата-әжелер бір серпіліп қалсын дедік. Бастамамыз қарияларға ұнаған сияқты. Тағы да келеміз.
Бүгінде «Үміт» қарттар үйінде 100-ден астам адам тұрады. Жастар ресурстық орталығының өкілдері қарттарды мереке сайын құттықтап, көмек қолын созып тұрады. Әрдайым сыйлық әкеледі.
Севара Зияхан