БАЙБОЛАТ ҚҰЛТАНОВ, тілші:
– Кешегі күнді бүгінгі күнмен салыстыруға келмейді. Кеше аспанды бұлт торлады, өңір аумағында қар, бұршақ пен жаңбыр жауды. Дүлей желден аяқ басудың өзі қиынға соқты. Табиғаттың қыңыр мінезі дүние-мүлікке зардабын тигізбей қоймады.
Терезеге тарс-тұрс тиген бұршақтан құлақ тұнады. Ал ағаштардың қозғалысынан желдің күштілігі байқалады. Мұндай дауылға Петропавлда бірнеше жасыл желек шыдас бермеді. Олардың бірі қисайса, екіншісі жанындағы көлікке құлады.
Ал мына жағдай Ғабит Мүсірепов ауданының орталығында болды. Новоишимское ауылында дүлей жел көршілес орналасқан көпқабатты екі үйдің шатырын жұлып әкетті. Салдарынан жақын маңда тұрған көліктерге зақым келді. Аумақ бірден қоршалды. Қазір қайта қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілуде.
БАЙБОЛАТ ҚҰЛТАНОВ, тілші:
– Айтпақшы, кеше облыс аумағында желдің екпіні секундына 32 метр болыпты. Сюжет әзірлеу барысында Қазгидромет өкілдеріне да хабарласып, ауа райы болжамын білдік. Мамандардың дерегіне сүйенсек, алдағы күндері өңірде дәл мұндай дауыл күтілмейді, қар да жаумайды. Тек жаңбыр жауады. Жауын мамырдың 3-4-і күндері күтіледі.