ТЖ

Бүгінгі күннің батырларына бауырсақ пен ыстық шай ұсынылды

Қызылжар ауданындағы Тепличное ауылын тасқыннан қорғап тұрған бөгет кешегі дауылға, қайта-қайта соққан толқынға шыдас берді. Бұл ретте адам күші маңызды рөл атқарды. Еліміздің патриоттары жұмысты қолайсыз ауа райында да жалғастырды. Өзен жағасында жел сүйектен өтеді. Бүгінгі күннің батырлары жаурап қалмас үшін облыстық мамандандырылған спорт-интернатының аспаздары сәлемдеме жолдапты.

ОЛЖАС АХМЕТЖАН, БЖСМ жұмыс жөніндегі облыстық дене шынықтыру-спорт орталығының басшысы:

– Қаптарды тасып, бөгетті нығайтып жатырмыз. Өзіміздің интернат-колледж жігіттерге әлеуметтік көмек әкелді. Бауырсақ пен ыстық шай таратылуда.

Бөгетті нығайтуға жүздеген адам жұмылдырылған. Соның 200-ден астамы – спорт саласының өкілдері. Ардагерлер, жаттықтырушылар мен спортшылар күн сайын еңбек етеді. Оларға аудандардан көмек келуде.

АСХАТ СӘРСЕНБАЕВ, ерікті, Ақжар ауданы:

– Таңда Ақжар ауданынан 50 адам болып келдік. Тепличное ауылы маңындағы адамдарға көмектесіп жатырмыз. Аман болайық!

Сарбаздарды да ұмыт қалдырмауымыз қажет. Ер міндетін орындап жүрген жігіттер күнде кесте бойынша қауіпті аумақтарға бағыт алады.

ДАСТАН ТҰҢҒЫШБАЕВ, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің қызметкері:

– Сарбаздар шаршамай, нық аяқта тұрып жұмыс істеуде. Көмек қолын созғанымызға қуаныштымыз. ҚР ҰҰ өзіндік заңы бар. Сондағы 7-ші міндет бойынша әрмен қарай тер төге береміз.

Қызу жұмыс жүргіліп жатқан алаңда әр адам Отанға деген, туған жерге деген құрмет сезімін сезінеді. Бірлік, достық пен қайрат. Осылар ерте ме, кеш пе шуақты күндерге, қалыпты өмірге әкеледі.

 

 

Байболат Құлтанов