Қоғам

Батырлардың ерлігі еске алынды

Бүгін ҰҰ академиясы мен “Ауған және жергілікті соғыс ардагерлері кеңесі” өкілдерінің ұйымдастыруымен дөңгелек үстел жиыны өтті. Шараға ҰОС ардагерлерінің туысқандары қатысып, естеліктерімен бөлісті. Сейілбек Мәшінов – Кеңес Одағының батыры Әбу Досмұхамбетовтың немере інісі. Ағасын өз көзімен көрмесе де әкесінен естігендері бар.

СЕЙІЛБЕК МӘШІНОВ, Кеңес Одағының батыры Ә.Досмұхамбетовтың немере інісі:

– Әбу Досмұхамбетов – менің әкемнің үлкен ағасы. Батырдың ротасы 1943 жылдың күзінде Днепр, Десна өзендерінен өтіп, сол жердегі ұрыстарға қатысқан. Дәл сол жылы 5-ші қазанда ағам немістің танкісін жоямын дегенде өзі бірге жарылып кеткен. Ағамның осындай ерлігін мақтанышпен еске аламын. Батырларымызды жастар ешқашан ұмытпаса екен дейміз.

Міне, осы сияқты басқа да жандар соғысты көрген ата-аналарының ерлігін еске алысты. Алдын ала дайындап әкелген баяндамаларын оқыды. Ұйымдастырушылар осы сынды шараларды жылда өткізуге ниетті.

МАРАТ МӘЛІБАЕВ, ҚР ҰҰ академиясының оқытушысы:

– Іс-шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақты отансүйгіштікке үйрету. Батырларының бірде-біреуінің аты ұмыт қалмағанын көрсеткіміз келеді.

“Өткенін білмеген елдің болашағы бұлыңғыр”, демекші бүгінгі жиынның жастарға берері мол.

 

Мәдина Қаби