Қоғам

Жарнама – тіл тазалығының көрінісі

Сауда үйлері, дүкендер мен түрлі мекемелердің сыртындағы жарнама баннерлерінде міндетті түрде қазақ тілінде мәтін болуы тиіс. Қатесіз жазылуы және әріптерінің сұрықсыз болмауы шарт. Соңғы жылдары бұл мәселе өңірімізде өзекті. Тіпті, хабарламалардың өзі орыс немесе ағылшын тілінде жазылады. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында тіл жанашырлары ауқымды жұмыс атқаруда. Соның бір дәлелі Петропавлда “Жарнама – тіл тазалығының көрінісі” атты республикалық байқаудың облыстық кезеңі өтті.

ЕРКЕШ ЕРДЕНОВА, СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы:

– Басты мақсат – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту. Байқауға әртүрлі ұлттың өкілдері қатысып жатыр. Бірақ, барлығына талап бірдей. Жұмыстарының барлығы қазақ тілінде болуы тиіс. Қатысушылар байқау барысында өздерінің ұсыныстарын да айта алады.

Түрлі жарнамалар, хабарламалар мен көрнекі ақпараттар қаламыздың сәнін келтіреді. Алайда, олардың қазақ тілінде болмауы мен қате жазылуы қоғамда жиі сынға ұшырайды. Егер осы олқылықтың орны толса, мемлекеттік тілге деген құрмет еселеп артатыны сөзсіз. Аталған мәселені шешуге атсалысып жүрген халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы Қызылжар аудандық филиалының мүшесі Әсия Байғожинова да бүгінгі байқаудан қалыс қалмаған. Тіл жанашыры шара барысында ұйымның 4 айдың ішінде атқарған жұмысымен бөлісті.

ӘСИЯ БАЙҒОЖИНОВА, Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы Қызылжар аудандық филиалының мүшесі:

– Ауданымыздағы дүкендер мен шаштараздардағы жарнамалардың көбі қазақ тілінде дұрыс жазылмайды. Орыс тілінен тура аудара салады. Апта сайын рейд жүргізіп, ескертулер жасаймыз. Жыл басынан бері 15 нысанға бардық.

Байқауға барлығы – 9 ұйым қатысты. Жеңімпаз атанғаны облысымыздың намысын қыркүйекте өтетін республикалық додада қорғайтын болады.

 

Нұрасыл Ахмет