Құқық қорғау органдары

Прокурорлар студенттермен кездесті

Бүгін облыс прокуроры Қайрат Әбдіханов пен өңір жетекшісінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов Петропавл жоғары құрылыс және экономика колледжінің студенттерімен кездесті. Жиын жастар арасындағы нашақорлық пен буллингтің алдын алуға арналған. Қадағалау органының өкілдері басқосу басында есірткімен байланысудың зияны мен салдары туралы айтты.

Жиын барысында студенттерге синтетикалық заттардың ағзаға қалай әсер ететіндігі жайлы ролик көрсетілді. Облыстық прокуратура өкілдері жастармен ұдайы кездесіп тұрады. Жыл басынан бері 10-нан астам білім ошағына барып, осындай дәрістер өткізген.

РУСТАМ НАСЫРОВ, СҚО прокурорының аға көмекшісі:

– Ағымдағы жылы облыста кәмелетке толмағандардың қатысуымен 4 қылмыс анықталды. Бұл былтырғыға қарағанда 20 пайызға аз. 3 жасөспірім есірткіге тәуелділер есебінде тұр. Құқық қорғау органдарымен бірлесіп бұл статистиканы түп тамырымен құртуымыз қажет. Құқықбұзушылықтардың алдын алуда мұндай кездесулер зор септігін тигізеді.

Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда жастардың көбі өз құқықтары жайлы білмейді. Әлеуметтік желілерден неше түрлі дүниелерді көріп, соны оқу орындарына барып қайталайды. Салдарынан құқықбұзушылықтың саны артады. “Сондықтан, ата-аналар жеткіншектеріне уақыт бөліп, смартфондарын тексерген дұрыс”,- дейді прокурорлар. Студенттер спикерлердің айтқанын ұйып тыңдады. Көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды.

САЯЖАН ЕЛУБАЕВА, Петропавл жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің студенті:

– Жас кезде уақытты бос өткізбеу аса маңызды. Осы сияқты кездесулер колледжде көптеп өткізілсе екен деймін. Мен 1,5-2 сағаттың ішінде өзіме керекті мол мағлұмат алдым.

Бүгінгі басқосу “Заң және тәртіп” профилактикалық шарасы аясында ұйымдастырылды. “Тәртіпке бағынған құл болмайды”. Өскелең ұрпақ оңы мен солын айыра білсе, дұрыс бағытты таңдаса, еліміз де қарыштап дамып, құқықбұзушылықтың азаятыны сөзсіз.

 

Нұрасыл Ахмет