Өңірде жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі өтуде. Математика, физика, химия, биология және география. Осы пәндерге қызығатын 7-8 сынып оқушыларының бір бөлігі Петропавлдағы Назарбаев зияткерлік мектебіне жиылды. Ал қалған қатысушылар аудан орталықтарында бақ сынады.
ДИАНА ҚАЙРУЛЛИНА, «Қызылжар дарыны» орталығының әдіскері:
– Қатысушыларға ыңғайлы болу үшін олимпиада 3 жерде: Қызылжар ауданында, Петропавл қаласында және Тайынша ауданында өткізіледі. 29-шы сәуір күні жаратылыстану-математика бағытындағы 6 пән бойынша сайыс өтсе, 30-шы сәуір күні қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 6 пән бойынша олимпиада өтеді.
Облыстық кезеңге 265 оқушы жолдама алыпты. Жалынды жастардың арасында білгірлер бәсекесіне бұрындары қатысып көргендер де бар. Олар тыңғылықты дайындалған. Әрқайсысы ата-анасының, ұстаздары мен достарының сенімін ақтағысы келеді.
ФАТИМА ЖЕҢІСҚЫЗЫ, Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының оқушысы:
– Математика пәні бойынша олимпиадаға бірінші рет қатысып отырмын. Былтыр информатика пәні бойынша қатыстым. 5-ші сыныптан математика пәніне қызығамын. Жақсы дайындалдым.
Олимпиада алдында негізгі ереже айтылды. Қатысушыларға тыйым салынған заттарды пайдалануға болмайды. Бұл сайыста шын мықтылар ғана топ жаруы тиіс.
ДИАНА ҚАЙРУЛЛИНА, «Қызылжар дарыны» орталығының әдіскері:
– Олимпиаданың ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету үшін YouTube платформасы арқылы тікелей көрсетілім ұйымдастырылады. Сондай-ақ, олимпиада аясында апелляция рәсімі қарастырылған.
Жоспар бойынша үздік 24 оқушы анықталады. Олар өңір намысын республикалық олимпиаданың финалдық кезеңінде қорғайды. Қорытынды дода мамырдың 18-21 күндері Астанада өтеді.
Байболат Құлтанов