Иван Шухов атындағы қалалық кітапхана ұжымы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арнап ерекше шара ұйымдастырды.
Соғыс кезінде шығарылған газет-журналдар, жауынгерлерді қарша бораған оқ астынан сүйреп шығарып, емдейтін медбикелер, жаумен арпалыста жеңген сарбаздардың қуанышты әні. Бұның бәрі кітапхана ұжымы ұйымдастырған “Жеңістің 80 сәтті” атты шарада көрініс тапты.
Ал мына жерде кітапхана оқырмандарына жауынгерлер жүрек жалғаған тағам түрлері ұсынылды.
ЛӘЗЗАТ ЕРҒОЖИНА, И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапхананың №2 филиалының меңгерушісі:
– Біздің мақсатымыз – майдандағы өмірді жақынырақ көрсету. Жауынгерлердің қандай тамақ ішкендерін, өмірін көрсетуге тырыстық.
Жаңбырдай жауған снаряд пен бомбалар, қыстың қақаған аязы мен аштықтан бұратылған халық. Міне, осының бәрін өз көзімен көріп, қиын күндерді басынан өткерген, 872 күн бойы қоршауда болған Ирина Сидельникова да шараға қатысты. Кейуана тұтқынға айналған қала мен блокада туралы естеліктермен бөлісті.
ИРИНА СИДЕЛЬНИКОВА, блокадашы:
– Мен соғыс басталған жылы 5 жаста ғана едім. 41-ші жылы әкемді бірден әскерге әкетті. Үйде анам, мен және ағам үшеуіміз ғана қалдық. Біз кіші Охта ауданында тұрдық. Кейін қаламызды жау қоршауға алды. Кіші де, үлкен де күлкіден айырылып, қиын күндерді бастан өткерді. Бір күнде бір үзім ғана нан жеуші едік. Бойда әл жоқ. Дұрыс оқу да оқи алмадық. Соғыс ешкімді аяған жоқ.
Шараға қатысқан көнекөз қариялар жастарға еш уайымсыз өтіп жатқан әр күнді бағалау қажеттігін айтып, ақыл-кеңестерін берді.
Мәдина Қаби