МТРА жаңалықтарыТЖ

Долматово ауылындағы бөгет нығайтылып жатыр

Кеше толассыз жаңбыр жауып, қатты жел тұрғандықтан, қалың су Долматово ауылындағы бөгеттің бір бөлігін бұзып өтті. Түнделетіп жеткен телеарнаның түсірілім тобы сол жердегі құзырлы орган мамандарымен тілдесті. Айтуларынша, қазір бөгетті қалыпқа келтіру және нығайту жұмыстары жүріп жатыр. Ауылда ешбір үйге су кірмеген.

МҰРАТ ҚАНҒОЖИНОВ, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Су шайған жер бікетілді. Қазір нығайту жұмыстарына жеке құрамнан 60-қа жуық адам мен 10-ға тарта күш құралы жұмылдырылды. Астана, Қарағанды, Қостанай мен Көкшетау қалаларының құтқарушылары көмекке келді.

Мамандар мен тұрғындар бұл істе асқан ұйымшылдық танытты. Бірі қаптарға құм толтырса, бірі оны экскаваторға тиеп, бөгетке жеткізді. Қорғаныс үйіндісінің биіктігі – 3 жарым метр, ал ені 4 метрге жетеді. “Сақтықта қорлық жоқ” демекші, мамандар қазір тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын да жүргізуде.

Долматово тұсындағы Есіл өзенінің деңгейі кеше бір сағаттың ішінде 1 см-ге ғана көтеріліпті. Березов ауылдық округінің әкімі Владимир Рудер биыл ауыл маңындағы су көлемі былтырғыдай көп емес дейді.

ВЛАДИМИР РУДЕР, Березов ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

– Егер өткен жылғымен салыстыратын болсақ, осы жылы су соншалықты көп деп айтпас едім. Былтыр Долматовода 54 үйді қызыл су басты. Мұндай жағдай биыл қайталанбайды деген үміттеміз.

Жалпы, Долматово ауылында 200-ге тарта үй түтін түтетіп отыр. Барлығы – 300-ге жуық адам тұрады.

 

Мәдина Қаби