БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– 2023 жылдың соңында “Береке” ықшам ауданындағы бұқара бөріктерін аспанға атты. Мұнда су жаңа емхана қолданысқа берілді. Халықтың қуанатындай жөні болды. Оған дейін тұрғындар – үлкен де, кіші де орталыққа қатынаған еді. Алайда, жақында адамдардың көңілі түсті. Бүтін бір аудандағы емхананың мамандары жерлестерімізді қайтадан орталықта қабылдайтын болған.
Бұған қараша халық қатты қапалы. “Береке” кеше ғана құрылған аудан емес. Бұл төңіректе мыңдаған адам тұрады. Кілең жастар болса бір сәрі, мұнда үлкен де бар, кіші де бар.
– Емхана міндетті түрде керек. Қаншама адам тұрады. Бәріміз орталыққа баруымыз керек пе?
– Жасым 80-ге жақындады. Өзіме осы жер ыңғайлы.
Мәселенің мән-жайын анықтау үшін №2 қалалық емханаға бардық. “Береке” ықшам ауданындағы нысан – осы емдеу мекемесінің филиалы. Директордың міндетін атқарушы Бегайым Мейманова қойған сұрақтарымыздың барлығына жауап берді.
БЕГАЙЫМ МЕЙМАНОВА, №2 қалалық емхана директорының міндетін атқарушы:
– Бұл филиал жабылмайды. Нысанда келушілерді қабылдау орны, Call-орталық және бірнеше учаске жұмысын жалғастыра береді. Осы “Береке” ықшам ауданындағы Радищев көшесінде өзіміздің тағы бір қосынымыз бар. Сол жерге бірнеше учаске көшірілді. Сонымен қатар, балаларды қабылдайтын орынды ауыстырдық. Енді ата-аналар ұл-қыздарын Сәтпаев, 3 мекенжайы бойынша орналасқан нысанға апарады.
Бегайым Мейманованың сөзінше, мұның барлығы уақытша өзгеріс. Алдағы 2-3 айда жағдай тұрақталып, емханаға келушілерге қайтадан есігін айқара ашады. “Тұрғындар түсіністік таныту қажет”, – дейді дәрігер.
БЕГАЙЫМ МЕЙМАНОВА, №2 қалалық емхана директорының міндетін атқарушы:
– Біз болашақта “Береке” ықшам ауданындағы филиалда күндізгі стационар, шұғыл көмек бөлімшесін, клиникалық-диагностикалық зертхана ашқымыз келеді. Алайда, ол үшін бізге лицензия қажет. Учаскелерді қайтадан емханаға әкелу үшін де осындай құжат керек. Алдағы уақытта тиісті қарау, талдау жұмыстары басталады. Содан кейін бізге рұқсат берілуі тиіс. Қажетті куәлік қолымызға тиген күні үйреншікті жұмыс режиміне ауыса бастаймыз.
Яғни, қараша халық алақандай ғана құжаттың жоқтығынан қайтадан сабылғалы тұр. Бегайым Мейманова мәселені жақын арада шешу үшін барын салатынын айтты.
Байболат Құлтанов