Қоғам

Түнгі уақыттағы тасқынның алдын алу жұмыстары

Тепличное ауылында сәуірдің 24-інен бастап бөгетті биіктету жұмыстары бір сәтке де тоқтаған жоқ. Сарбаздар, түрлі ұйым өкілдері мен тұрғындар күні-түні аянбай еңбек етуде. Сағат түнгі 11 кезі. Маңызды жұмыс күшейтілген режимде атқарылуда. Біреуі қаптарға құм толтырып жатса, енді бірі соларды тасуда. Мына тепсе темір үзетін жігіттердің көңіл-күйлері көтеріңкі. Олар қазақтың рухты әндерін шырқап, біркісідей жұмыс істеп жатыр.

Қазақта “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” деген сөз бар. Соның бір дәлелі – Тепличноедағы көрініс. Игі азаматтар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып қызмет етуде. Барлығының мақсаты бір – елді мекенге топан суды өткізбеу.

ӘСЕТ ШАЙКИН, СҚО ТЖД бөлім бастығы:

– Елді мекендегі жағдай – жіті бақылауымызда. Әзірге, ешқандай қауіп жоқ. Ақмола облысы мен Қарағанды, Астана қалаларынан көмекке әріптестеріміз келді. Тепличное ауылының тұрғандарының барлығымен тілдестік. Келеңсіз жағдай орын алса, бірден эвакопункттерге көшу керектігін айттық.

Осы ретте облыс орталығындағы 6637 әскери бөлімі сарбаздарының еңбегін айтпай кетуге болмайды. Олар елді мекенге қауіп төнгеннен бастап жұмыс істеп жатыр. Бір тоқтаған емес. Олар “Ұлттық ұлан – ел қорғаны” деп ұрандатып аянбай тер төгуде.

ЖАЛҒАСБАЙ НҰРҒАЛИЕВ, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің сарбазы:

– Қазіргі таңда 50 сарбаз еңбек етіп жатырмыз. 6 сағат сайын ауысудамыз. Мүлдем шаршаған жоқпын. Халыққа көмектесу – менің парызым.

Гидрологтардың сөзінше, бірер күнде елді мекенде су деңгейі төмендейді.