ТЖ

Ольшанка ауылындағы бөгет нығайтылып жатыр

МӘДИНА ҚАБИ, тілші:

– Біз қазір Қызылжар ауданына қарасты Ольшанка ауылында тұрмыз. Мұнда Ақтөбе және Қостанай облысынан келген құтқарушылар күн-түн демей еңбек етіп, бөгетті нығайтуда. Жалпы, маңызды іске 100-ге жуық адам мен 5 техника жұмылдырылған.

Ольшанка ауылы Есіл өзенінің жанында орналасқан. Оның деңгейі көтерілген сайын ауылға да қауіп төнуде. Ішіне әзірге су кірмесе де әжептәуір жақындап қалған. Түнде су деңгейі бақандай 10 см-ге көтеріліпті. Тіпті, елді мекенге кіреберіс жолдың биктігімен бірдей. Қазір құзырлы орган мамандары ауылды айнала орналасқан бөгетті нығайтып жатыр.

ВАЛЕРИЙ ТИХИЙ, Якорь ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

– Біздің ауылды өткен жылы қалың су басты. Бұл жағдай биыл да қайталанбас үшін барымызды салып жатырмыз. Құтқарушылар мен мемлекеттік қызметшілер 3 күннен бері бел жазбастан еңбек етуде.

Ауылды қорғап тұрған үйіндінің ұзындығы – 3 шақырым, биіктігі – 4 метр. Үстінен тағы көтеру үшін құм толы қаптар қойылуда.

Жалпы, Ольшанка ауылында 70-тен астам үй түтін түтетіп отыр. Барлығы – 300-ге жуық адам тұрады.

 

Мәдина Қаби