Оқушыларды емес, директорларды жиған дебат. Надежда Крупская атындағы №10 орта мектептің қабырғасында білім ұяларының басшылары арасында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай пікірталас турнирі өтті. Ұсынылған тақырыптардың барлығы патриоттық тәрбиеге қатысты болды.
АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:
– Жалпы, өңіріміздің білім саласында дебаттық қозғалыс қарқынды дамыған. Білім мекемелерінде 500-ге жуық дебаттық клуб жұмыс істейді. Соның ішінде мектеп басшысының рөлі ерекше.
Бұл – облыстық турнирдің үшінші кезеңі. Бұған дейін пікірталас аудандарда болыпты. Яғни, үздіктер Петропавлға келіп отыр. Сырт көзге дебат қарапайым шара болып көрінеді. Алайда, бұл жерде қолданыстағы тәжірибелер туралы мол ақпарат тілге тиек етіледі, ұсыныстар айтылады. Осы арқылы директорлар білім арттырады, шеберлік шыңдайды.
МЕДЕТ САЙТКЕН, Кішкенекөл қазақ мектеп-гимназиясының директоры, Уәлиханов ауданы:
– Бұл турнирге екінші рет қатысып жатырмын. Талқыланған тақырыптардың, көтерілген мәселелердің бүгінгі күнде өзекті екенін білемін. Ұлттық құндылықтар, патриотизм тақырыптары. Оқушылар үшін де, өзім үшін де көп нәрсе алып жатырмын.
Жалпы, шараға 22 командадан 44 директор қатысты. Олар орыс және қазақ лигасы болып бөлінді. Турнир соңында үздік салмақты ой айтқан, тапқырлығымен ерекшеленген спикерлер анықталып, марапатпен мадақталды.
Севара Зияхан