“Қызылжар” футбол клубы ел чемпионатында қатарынан екінші жеңіске қол жеткізді. Бұл жолы жерлестеріміз Қостанайда қызылордалық “Қайсарды” тізе бүктірді. Бірінші таймда екі команда ойыншылары бір-бірінің осал тұсын таба алмады. Үзілістен кейін теріскейлік теңбіл доп шеберлері қарсыластың қақпасына шабуылды үдетті. Нәтижесінде 70-ші минутта африкалық легионер Сенин Себаи көзге түсті. Ал араға небәрі 3 минут салып черногориялық шабуылшы Дарко Зоричтің айы оңынан туды. Көп ұзамай Сыр жағасынан келген жігіттер басымдықты қысқартты. Матч 2 де 1 есебімен аяқталды. Қызылжарлықтар кезекті жеңістен кейін турнир кестесінде 6-шы орынға көтерілді. Ендігі қарсыласы – қостанайлық “Тобыл”, ойын мамырдың 5-і күні өтеді.