Петропавлдық жол полициясының ардагерлері Ұлы Отан соғысының ардагері, милиция полковнигі Василий Аксёновтің жатқан жерін жылда жинастырып тұрады. Марқұм майдангердің балалары жырақта тұрады. Сол себепті, оның мәңгілік мекеніне қамқорлық жасауды бұрынғы әріптестері өз мойнына алған. Василий Матвеевич соғысқа 1941 жылы аттанып, Кавказда атты барлау бөлімінде қызмет еткен. Гвардия капитаны шенін алған, бірнеше жауынгерлік орден-медальмен марапатталған. Үш рет ауыр жарақаттанған. Майданнан жіберген хаттарында «Берлинді көргім келеді» деп жазған Василий Аксенов 1945 жылы Рейхстаг қабырғасына: «Петропавловск – Аксёнов – Казахстан» деп жазба қалдырған.