ТЖ

Бірліктің нағыз үлгісін көрсетіп жатқан жерлестеріміз

Тепличное ауылының іргесінде жұмыс қызу жүріп жатыр. Мыңдаған адам мен жүздеген техника маңызды істі жалғастыруда. Түсірілім барысында еңбек етіп жатқан жандарға өз ақшасына тамақ пен су сатып әкелген жеткіншекті байқап қалдық. Ойнаудың орнына игі іспен айналысып жүрген баламен тілдесіп, неге мұндай қадамға барғанын сұрадық.

САМИР МАРЛБАЕВ, Тепличное ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Ойынды қайтемін. Күнде ойнап жүрмін ғой. Адамдарға көмектесу қажет. Әрине,қолымнан ауыр жұмыс істеу келмейді. Мына азаматтар ауылымыздың амандығы үшін күресіп жатыр. Біз де өз тарапымыздан қолдау көрсетуіміз қажет.

Ұзындығы 5 км болатын бөгеттің әр бөлігінде жұмыс қызу. Елді мекенге облысымыздың әр ауданынан көмекке адамдар келген. М.Жұмабаев ауданына оңтүстіктен қоныс аударушы жерлестеріміз де Тепличноедағы жағдайды естіп, қол қусырып жата алмаған. Олар сағат таңғы 8-ден бастап елді мекенде қызмет етуде.

МАҚСАТ ЕСЖАНОВ, Аққайың ауылдық округінің әкімі, М.Жұмабаев ауданы:

– Ауылдық округтен 10 адам келдік. Өз еркімізбен жұмыс істеп жатырмыз. Бұл – біздің парызымыз.

Келеңсіз жағдай орын алмау үшін облыстық ТЖД сүңгуірлері маңызды іске жұмылдырылған. Олар өзара бөлініп, бөгеттің астыңғы бөлігін бақылауда. Ауыр қаптарды иықтарына өңгеріп алып, қорғаныс үйіндісінің астындағы су өткен жерлерді бекітуде. Бастарын қауіпке тігіп, елді мекенге тілсіз жаудың өтпеуі үшін күні-түні жұмыс істеп жатыр.

САЯН ОСИПОВ, СҚО ТЖД құтқарушысы:

– Судың тереңдігі 3 метрге жуықтайды. Асты лай. Дым көрінбейді деп айтуға болады. Жұмысымыз оңай емес. Физикалық дайындық пен төзімділікті талап етеді. Дұрыс тыныс ала білу қажет. Қателік жіберсең, тұңшығып қалуың мүмкін.

Бел жазбай еңбек етіп жатқан жандар уақытылы жүрек жалғауы тиіс. Бұл оларға күш беретіні сөзсіз. Мәселе өз шешімін тапқан. Облыстық ТЖД қызметкерлері бөгеттің маңына шатыр тігіп, ел қамын ойлаған азаматтарды тамақтандыруда.

ДИНА ЖАПАРОВА, СҚО ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының аға инженері:

– Ас мәзірін айта кетсем, картоп пен еттен ыстық тағам дайындадық. Ыстық шай да бар.

Елді мекеннің іргесінде Ұлттық ұлан академиясының 200 курсанты тер төгуде. Тепсе темір үзетін жігіттер бір сәтке де бел жазған емес. “Арқада ауыр жүк тұрған шақта демалу дегенді мүлдем еске алмау қажет”,- дейді олар.

ТЕМІРЛАН КӘРІМЖАНОВ, ҚР ҰҰ академиясының взвод командирі:

– 4 ауысымда жұмыс істеп жатырмыз. Былтыр да қала маңындағы аудандарда еңбек еттік. Қай кезде болмасын өңірімізге қол ұшын созуға әзірміз.

Тепличное ауылының іргесіндегі жұмыстың қызып жатқанына 5 күн болды. Елді мекендегі жағдай әзірге тұрақты.

 

Нұрасыл Ахмет