Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тепличное ауылында тасқынның алдын алу жұмыстарымен 1200-ден астам адам айналысып жатыр

Бұл – қала маңындағы Тепличное ауылындағы көрініс. Елді мекеннің айналасын су басқан. Аралда қалған ауылға тілсіз жаудың өтпеуіне жағалай салынған бөгет қана тосқауыл болып тұр. Бірақ, толассыз келіп жатқан судың көтерілгені соншалықты қорғаныс үйіндісінен асып кетуі ғажап емес. Былтырғы жағдай қайталанбас үшін мұнда түрлі ұйым өкілдері мен қала тұрғындары аянбай еңбек етуде.

ӘЗІМХАН МЕРҒАСИМОВ, Қызылжар ауданы ТЖ бөлімінің бастығы:

– Елді мекенде қазір 1200-ден астам адам еңбек етіп жатыр. 103 техника жұмылдырылған. Мына бөгеттің ұзындығы 5 км-ді, биіктігі 4 метрді құрайды. Ауыл тұрғындарынан байбаламға салынбауды сұраймын. Елді мекенге су өтпейді. Жағдай бақылауда. Ертеңнен бастап тілсіз жаудың деңгейі түседі деп жоспарлануда.

Қазақта “Сақтықта – қорлық жоқ” деген сөз бекерден-бекер айтылмаған. Кез келген сәтте келеңсіз жағдай орын алуы мүмкін. Сондықтан да мына азаматтар “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” деп бөгетті биіктетіп жатыр. Осы ретте облыс орталығындағы Ұлттық ұлан академиясы сарбаздары мен қызметкерлерінің атқарып жатқан жұмысын айтпай кетуге болмайды. Олар кешеден бері талмай еңбек етуде. Небәрі 15 сағаттың ішінде 50 мың қапты құмға толтырыпты.

ЕРДЕН БАЛҒЫНБАЕВ, ҚР ҰҰ академиясы бастығының орынбасары:

– Қазіргі таңда мұнда 200 курсант тер төгіп жатыр. Кеше кешкі сағат 20:00-ден бастап 6 сағат сайын ауысып еңбек етіп жатырмыз.

Елді мекенге жан-жақтан тұрғындар ағылып жатыр. Әсіресе, петропавлдықтар көптеп жиналған. Олар былтырғы жағдайдың қайталанғанын қаламайды. Мәселен, қала тұрғыны Алмас Айсин мұнда таңғы 9-дан бастап еңбек етуде.

АЛМАС АЙСИН, қала тұрғыны:

– Былтырғы су тасқыны кезінде де көмек көрсеткенмін. Мен үшін жерлестерімнің амандығы аса маңызды.

Айта кету керек, бүгін өңірімізге көмекке Ақмола облыстық ТЖД-ның 100 қызметкері келген. Олар өздерімен бірге 25-ке жуық техника әкеліпті.

ӘДІЛЕТ СЕРІК, Ақмола облыстық ТЖД өрт сөндіру қызметінің маманы:

– Тұрғындарға күні-түні көмектесуге дайынбыз. Іргелес өңірдегі жағдайды көріп, қол қусырып отыра алмадық. Қауіп сейілгенше дейін СҚО-да боламыз. Таңғы 4:00-ден бастап Тепличноеда еңбек етіп жатырмыз.

Бөгет маңында жай тұрған бір адамды көрмейсің. Теріскейліктер бірліктің нағыз үлгісін көрсетіп жатыр. Олардың бар тілеуі – елді мекенге топан судың кірмеуі. Айта кету керек, Тепличное ауылында 700-ден астам адам тұрады. 280-ге жуық баспана бар.

 

Нұрасыл Ахмет